«Бұлтты бейнебақылау» жүйесінің көмегі көп

1131

Халықтың әл ауқаты төмендеген сайын ұрлық көбейеді дейді білгірлер. Расында бүгінде қалта ұрлығынан кейін үйді үптеп кететін ұрылар көбейіп тұр. Бір күннің ішінде қала бойынша жүздеген үйді тонап кету фактісі тіркеліп жатады. Әсіресе көпқабатты үйлерде бейнебақылау жүйесімен жабдықталған күннің өзінде де ұрылар ебін тауып жүр…

Үй ұрыларына қарсы жуырда тағы бір жүйелік қондырғы іске қосылды. «Қазақтелеком» АҚ өңірлік филиалы «Бұлтты бейнебақылау» жүйесін орнатуды қолға алып отыр. Бұл жаңа қызмет, абонентке ұтқыр құрылғының немесе дербес компьютердің көмегімен өз үйінің кіре берісіндегі оқиғаларды бақылап жүруіне мүмкіндік береді.

Ол үшін кіре беріске бейнебақылаудың бірыңғай желісіне қосылған екі бейнекамера орнатылады. Олар кіре берісті және оның алдындағы аула алаңдарын түсіреді. Камералар қараңғы сәтте де түсіру қызметімен қамтылған, сондай-ақ тұтынушыларға нақты уақытта камераларға қолжеткізу мүмкіндігі бар. Ал ең бастысы архивтік деректер 7 күнге дейін сақталады.

Жуырда ғана Оңтүстік өңірлік телекоммуникация дирекциясы Қабанбай батыр көшесіндегі № 6, 10 үйлердің, сондай-ақ Қ.Әлімбетов көшесі, № 45 «в», 17 ш/а, № 27, 26, Қ. Төлеметов көшесі, №69 үйлердің кіре берістерінде абонентерге бұлтты бейнебақылау қызметі қолжетімді екендігін хабарлады.

«Қазақтелеком» АҚ өңірлік дирекциясының мамандары бұл жүйені қосудағы негізгі мақсат – подьездердегі, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы қылмыстың алдын алу, сондай-ақ террористік қауіп қатердің алдын алу болып табылады дейді.
Аталмыш жүйеге қосылуға ешкім де күштемейді.

Артықшылығы көп жүйені қолданушылар қатары күннен күнге көбейіп келеді. Көпқабатты үйлердің тұрғындарының басым бөлігі келісім берген жағдайда жүйеге қосылады. Ол үшін 160 нөміріне қоңырау шалса болғаны. Мамандар тұрғындарға логин и пароль береді. Жеке кабинет арқылы тұрғын өзінің үйінің ауласы мен кіре берісті бақылай алады. Түсірілген бейнелерді компьютерде KT-Cam бағдарламасы арқылы жүктеп көруге болады.

Бейнебақылау камераларында түнгі режим бар. Астана, Алматы, Павлодар қалаларында бұлтты бейнебақылау жүйесі іске қосылып та үлгерді. Соның арқасында үй ауларында не болмаса кіреберісте велосипед, қоларбалардың ұрлану фактілері азайған. Одан бөлек қоқыс контейнерлеріне апарып тасатуға ерініп, көшеге тастап кететіндерді қақпанға түсіруге де таптырмайтын тәсіл болып отыр.

Бейнеге түсірілгендерді дер кезінде полицейлерге хабарлап, тәртіпке салуға болады. Ал жүйенің ақысы соншалықты қымбат та емес, бар болғаны айына 300 теңге ғана. Есесіне қымбат дүниеңізді суыққолдылардан сақтауға мүмкіндігіңіз бар.

Г.Жұмаш