Елімізде 2 жарым миллионға жуық адам медициналық тұрғыдан сақтандырылмаған. Оның ішінде 1,5 млн. адамның табысы әлдеқайда жеткілікті. Дегенмен, олқылық МӘМС жүйесінің өзінде де жетіп артылады. Биыл ғана іске қосылған автоматты жүйе орасан жалған деректерді анықтап берген. Емінің кезегін күтіп жатқандары қаншама. Бүгін Үкімет отырысында баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова осындай олқылықтарына қарамастан МӘМС жүйесінің жалғаса беретінін айтты.
Ел ішінде де, парламентте де талай дау болған атышулы сақтандыру жүйесі өз жұмысын әрі қарай жалғастыра береді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, қазақстандықтар бүгінде 4250 теңгеге медициналық көмекке толығымен қол жеткізіп отыр. Әйтсе де, МӘМС жүйесінде кемшіліктер әлі де жеткілікті екенін министрдің өзі де мойындайды.
Ақмарал Әлназарова, Денсаулық сақтау министрі: «Әлі де проблема бар. Жоқ деп жоққа шығара алмаймыз. Бұл жерде шұғыл көрсетілетін медициналық қызметпенен жоспарлы түрде көрсетілетін қызмет түрлерін айтып кету керек. Сонымен қатар, ортопедиа, оталарды жасау, бұл кезекшілік әлі де сақталып отыр. 6 ай, 9 айға дейін кезекшілік сақталатын жағдай, оның ішінде жылдың аяғында осындай тенденция бар».
Бұрын жүйеде қызметтердің жартысынан астамы қолмен тіркелетін болса, маусымда енгізілген автоматтты жүйе олқылықтың 97%-ына дейін өзі анықтайды. Соның арқасында осыған дейін көп шу болған жалған деректер мәселесі су бетіне шыға келген.
Айдын Құлсейітов, МӘМС төрағасы: «Пилоттық жоба іске қосылған кезде 848 медициналық ұйымнан жалған мәлімет енгізу деректері анықталды. Ал былтыр мұндай ұйымдар небәрі 58 ғана болатын. Демек, олар цифрлық бақылауда болмаған. Сонымен қатар, 43 ұйымда жалған мәліметтердің көлемі 200 АЕК-тен асып түскен. Түсіндіру жұмыстарынан кейін, «жалған мәліметпен айналысқан» ұйымдардың саны екі еседен астам қысқарды».
Сақтандыру демекші, скринингтен өту жасы ұлғайып, бірқатар сырқат түрінің тегін медициналық көмек тізіміне кіруінің арқасында келер жылы қосымша 1 млн-ға жуық адам сантандырылмақ. Дегенмен, табысы жетіп тұрса да ақшасын аяйтындар арамызда жетерлік екен.
Ақмарал Әлназарова, Денсаулық сақтау министрі: «Бүгінде мемлекет 11 млн-нан астам қазақстандықты немесе жалпы халықтың 60%-ын құрайтын балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, студент, мүгедектігі бар адамдар, жұмыссыздар және басқа санаттарға кіретін халықтың 15 жеңілдетілген санаты үшін сақтандыру жарналарын төлеп отыр. Сақтандырылмаған 2,4 млн. адамның 1,5 млн-ға жуығы ұзақмерзімді активтері мен жеткілікті табыстары бар халыққа тиесілі».
Айтпақшы, зейнетақы жинақтарын тіс емдеуге жаратуға қатысты тыйым сол күйі қалады. Ал ондай құжатты жұрт талқысына салудың не қажеті болды дегенге келсек, оның құр ресми рәсім ғана екені айтылды. Сол секілді, пайдаланылмаған қаражатты дені сау азаматтардың өзіне қайтару туралы депутаттардың ұсынысы да министрлік тарапынан қолдау таппады.
Ербол Тұрымбет






