«Әжелер алқасының басты ұстанымы «Мәңгілік елдің» ұрпағын саналы етіп тәрбиелеу»

1009

«Отбасы» бағдарламасының бүгінгі қонағы Облыстық Ардагерлер кеңесінің орынбасары, Әжелер алқасының төрайымы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Үрзада Айтөреева:

Облыстық ардегерлер кеңесінің атқарып отырған жұмыстарынан көпшілік хабардар. Әжелер алқасының жұмысына тоқталып өтсеңіз…
— Бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесі өте өзекті мәселе болып тұрғаны рас. Әжелер алқасының құрылғанына биыл 6 жыл. Аудан, қалаларға барып түрлі жиындар, кездесулер өткізіп тұрамыз. Әжелер алқасының құрылуының негізгі мақсатының өзі ұрпақ тәрбиесіне тамшыдай болса да үлес қосу. Қазақтың менталитетінің ағымдағы тәрбиесіне қарайтын болсақ отбасындағы бала тәрбиесіне ана жауапты. Әжелер алқасының атқарып отырған жұмысы баланың құрсақта жатқан кезінен тәрбие беру жөнінде кеңестер айтып, түзу жолға жөн сілтеу. Әулет тәрбиесі, қыз тәрбиесі, бала тәрбиесін оттың басынан бастап жүргізу. Әжелер алқасының басқа құрылымдар сияқты ұстанатын негізгі бағыты мемлекетіміздің саясаты — мәңгілік елдің ұрпағын сапалы да саналы етіп тәрбиелеу.
Қыздарымызды батысқа еліктетіп бос жіберіп қойған жоқпыз ба? Жас ата-аналар бала тәрбиесінде, қыз тәрбиесінде қандай кемшін тұстарды жіберіп жатырмыз?
— Әжелер бас қосқан кезде көп әженің уайымы басым. Себебі, соғыстан кейінгі ұрпақ қиындық көріп өсті. Ата — баба жолын толық қанығып білді, отбасы тауқыметі, отбасы ынтамағының қайдан келетінін білді. Ал бүгінгі ұрпақ осының бәрінің қадір қасиетіне жете алар ма екен деген уайым бар. Қызға тәрбиенің бәрін жүрген ортасы, достары, мектеп береді деп емес дүниеге келгеннен бастап, одан да бұрын құрсақта жатқан кезінен бастап тәрбиені бастау керек. Ұлттық код дегеніміз үйге келген қонақты қарсы алып, шығарып салғанға дейінгі ортада өтетін жағдай. Бүгінгі қыз ертеңгі келін. Ал ертеңгі келін белгілі ана, одан кейін әулеттін анасы, енесі, әжесі болып шығады. Өмірдің сатылы дәуірлерін басынан өткізетін әйел баласы қызды үйде құнттап тәрбиелемесек олқылықтың көп кететіні рас. Сондықтан да қыз бала ең әуелі ана тәрбиесіне қанығып өсуі тиіс.