Баласының көзінше әйелін бауыздаған қылмыскер 15 жылға сотталды

553

Түркістан қаласында өз әйелін баласының көзінше пышақтап өлтірген қылмыскерге қатысты ОҚО мамандандырылған ауданаралық сотында үкім оқылды. Алты жасар ұлының алдында анасын бауыздаған әкені сот 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Жаңа жылдың алғашқы тәулігінде Түркістаннан жеткен бұл қанды хабар елдің жағасын ұстатқан еді. Перзенттерінің көз алдында бұрынғы күйеуі 31 жастағы әйелді бауыздап тастаған. Ашуын қолын қанға малып алып басқан бұрынғы күйеу оқиға орнынан қашып кетіп, бой тасалаған.

Дәурен Мадалиев, ОҚО мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы: «Кәмелет жасына толмаған куәгер Ж.Берістен әкесінің мешіт маңында анасын соққыға жыға бастағанын айтқан. Көмек сұрап мешітке кеткенінде анасының дауысы шықпай қалғанын, келсе жерде қан болып жатқанын айтқан. Кәмелетке толмаған куәгер А.Берістен әкесі анасын пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткенін жеткізген».

Марқұм болған әйелдің туыстары сотталушыны өмір бойына жазалауды сұраған болатын. Сондай-ақ моральдық шығын ретінд 20 млн. нан астам теңге өтеп беруін талап еткен. Сот жәбірленушілердің бұл талабын ішінара қанағаттандырды. Яғни, жауапкерден жәбірленуші тарапқа 3 млн. теңге моральдық шығын өтеуі тиіс. Сот тергеу барысында қылмыскердің шын жүректен өкінетіндігі, кінәсін мойындайтындығын ескерген. Дегенмен жасалған қылмыстың аса ауырлығына байланысты сот үкімі жеңіл болған жоқ.

Дәурен Мадалиев, ОҚО мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: «Сотталушы Мақұлбековты ҚР ҚК – нің 99 бабының 2-ші бөлігі, 5-ші тармағымен кінәлі деп тауып, 15 жылға бас бостандығынан айырылсын».

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ