ОҚО-да мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алудың жәрмеңкесі өтті. Қызмет беруші мен қызмет алушы арасындағы байланысты азайту мақсатында ұйымдастырылған шара сыбайлас жемқорлық белгілерінің алдын алуға бағытталды.

Шараны облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы және Облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бірлесіп ұйымдастырды.

«Халыққа қызмет көрсету орталығының» Цифрландыру залында өткен жәрмеңкеде облыстық басқармалардың мамандары азаматтарға ең көп сұранысқа ие салалар бойынша электрондық қызмет алудың тәсілдерін түсіндіріп, қажетті ақыл-кеңестерін береді.

«Өткен жылы өңірде осы мерзімде жергілікті атқарушы органдармен 3 052 443 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл қызметтер 89 түрі бойынша көрсетілген. Олардың қатарында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, ауыл шаруашылығында және білім, денсаулық сақтау және сәулет- құрылыс салалар бойынша қызмет түрлері бар. Бұл көрсеткіштер халықтың мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде алу мүмкіндігі жөнінде қажетті дәрежеде хабардар еместігін білдіреді. Бүгінгі таңда барлық аудан, қалаларда мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде өз бетінше алуға мүмкіндік беретін «Өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары» жұмыс істеуде»,- дейді Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Бастар Есқараев.