«Жастар – социумға бейімделуі керек»

678

Оңтүстік Қазақстан облысындағы жастардың саны Қазақстанның қай-қай облысынан да әлдеқайда көп. Оларды қандай мәселелер толғандырады? Осы және жастарға қатысты тағы басқа сауалдардың жауабын білу үшін жастар ресурстық орталығының директоры Береке Дүйсебековпен әңгімелестік.

– Береке Талғатұлы, жастар саясатына араласу қиын ба?
– Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Облысымызда 748 027 жас барын ескерсек, қиындықсыз болмайтынын мойындау керек. Жастар саясатына араласқалы жас толқынмен бірге жаңа дүниелерді үйрендім. Себебі біздің орталық қарайтын отбасы, бала және жастар істері басқармасы басқа басқармалар секілді бір бағытта ғана жұмыс істемейді. Білім, денсаулық, құқыққорғау, мәдениет – барлығымен тығыз қарым-қатынастамыз. Жастардың басын қосып, олармен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік беретін – алып ғимаратымыз да бар. Орталық ғимаратын алты аймаққа: дала алаңшасы, фойе, бірінші қабатта жұмыс кабинеттері, екінші қабатта әкімшілік бөлім, акт залы және үшінші қабат толығымен түрлі үйірмелерге арналған кабинеттер деп бөлдік. Дала алаңшасы ауа райы қолайлы күндері таңғы сағат 10-нан бастап түнгі сағат 10-ға дейін жастардың игілігінде. Турниктер, үстел теннисінің құрал-жабдықтары бар. Фойеде жастарға қызмет көрсету секторы жұмыс істейді. Психологиялық, заңгерлік, кәсіпкерлікті дамыту бойынша кеңестер, мемлекеттік бағдарламалар («Дипломмен ауылға», «Серпін», «Қолжетімді баспана» және т.б.), жұмыспен қамтуды үйлестіру, шығармашылық бастамаларын қолдау бойынша тегін кеңес беріледі.

Бірақ, көбісі жоғарыда айтылған мемлекеттік бағдарламалар жайынан хабарсыз болып жатады…
– Иә, бағдарламалар көп. Бірақ, жастардың көбісі соның аражігін ажырата алмайды. Кез келгенін көшеде тоқтатып: «Мына бағдарламаны білесіз бе?» – деп сұрасаң, жауап беруі қиын. Сол үшін де қызмет көрсету секторын аштық. Орталықты басқаруға келгенімде жұмыс тобымен кешкісін көшелерді, саябақ, кафелерді араладық. Жастардан біздің орталық туралы не білетінін сұрадық. Басым бөлігі «жастарды «массовка» үшін күштеп жинайтын орталық ойымызға келеді» деп жауап берді. Сосын олардан орталықта қандай кабинеттер, үйірмелер ашылуын қалайтындарын сұрап, ұсыныс-пікірлерін жинадық.

– Орталыққа келушілердің белсенділігі қандай?
– Күніне 60-70 адам келеді.

800 мың жас үшін бұл тым аз көрсеткіш емес пе? Әлде олар мұндай орталықтың барын білмей ме?
– Ол 800 мыңның 200 мыңы мектеп оқушылар, ал жартысынан көбі ауылда тұратынын ескеру керек. Мектеп оқушыларының бос уақыты бола бермейді. Ал студенттердің өз оқу орындарында да түрлі орталықтар, соның ішінде Жастар ресурстық орталықтарына барады.

– Жастар қай әлеуметтік желілерді жиі пайдаланады?
– Студент кезімізде тек майл.ру ғана бар еді, соған мәз болып жүруші едік. Қазір барлығында смартфон. Әлеуметтік желінің де түрлері көп.Зерттеу көрсеткендей – мектеп оқушылары мен 1-2 курс студенттері Инстаграмда және Вконтактеде отырады. АЛ 25-тен асқан жастар Фейсбук пен твиттерді, телеграмды жиі пайдаланатын болып шықты.

– Жас буынды не толғандырады, қандай проблемалары бар?
– Мәселе жоқ деп айта алмаймыз. Жастардың басты мәселесі – социумға бейімделу. Студенттер оқуды аяқтаған соң жұмысқа орналаса аламын ба, жалақысы қандай болады, отбасын құру сияқты мәселелермен келеді. Жоғары сынып оқушылары болса, «қай мамандықты таңдаймын», «ҰБТ жақындап қалды, бейімдік пәнді әлі таңдаған жоқпын» деген мәселені айтады. Сондықтан осы бағытта жұмыстар тоқтаған емес. Студенттер үшін индустриалды аймақтар, зауыт-фабрикаларға экскурсия өткіземіз. Бос жұмыс орындарын ұсынып, орташа жалақылары мөлшерімен таныстырамыз. Оқушыларға қоғамға керек мамандықтар туралы ақпарат беріп, сол саланың мамандарымен кездесулер ұйымдастырамыз.

– «Оңтүстікте барлығы ақшамен шешіледі» деген пікір қалыптасқан. Жастар үшін бұл қаншалықты рас сөз?
– Пара алу-беру оқу орындарында болатынын мойындау керек. Түбін зерттей келе «пара алады, алмайды емес, пара беруші кім, параны не үшін береді» деген сұраққа тоқталу керек. Анықталғаны: параны беретін – оқығысы келмейтін студент. Егер сабақты жақсы біліп тұрсаң, құқыңды қорғай аласың. Ешкім де «пара бер» деп қинамайды. Біз де студент болдық қой.

Ауыл жастарына көңіл бөлінбейді, мүмкіндіктері аз екенін жиі естиміз. Бұл туралы не айтасыз?
– Облыстағы жастардың 56,3 пайызы ауылды жерде тұрады. Мектеп бітірген оқушыларда «ауылдан – қалаға» деген тенденция бар. Ауыл не қала деп бөлетін уақыт бітті. Қала жастары ұстайтын смартфондар, интернет ауылда да бар. Газ, су, жарықпен қамтылған. 15 аудан-қалада жастар орталықтары бар болғанымен, бәрінде бірдей жағдай жасалған деп айта алмаймын. Тек жартысының жеке ғимараттары бар. Барлық аудандардағы орталықтарды бір типтендіру яғни облыс орталығындағыдай мүмкіндіктер жасау жүйесін көтеріп жүрміз. Ауыл жастарының басты мәселесі – жұмыссыздық. Мұнымен күресу үшін салынып жатқан әлеуметтiк нысандарға жұмыссыз жастарды тарту жөнiнде басқарма тарапынан ұсыныс бiлдiрудемiз. Аудандарға іссапармен барып, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіреміз.

Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы таяуда ОҚО отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы болып қайта құрылды. Бұл орталықтың жұмысына әсер етті ме?
– Басқарманың уәкілеттілігі кеңейді. Енді біз тек баламен ғана емес, оның ата-аналарымен жұмыс істеуге мүмкіндік алдық. Мысалы қыздарды өз еркіне қарсы тұрмысқа беру фактілері орын алса, баланың құқығын қорғай аламыз. Және бір мысал, тұрмысы төмен отбасының балалары өмірге қызығушылықтарын жоғалтып алады. Біз солармен жұмыс істейміз. Үйірмеге жазамыз. Баланың көңілі көтеріледі. Бірақ отбасына қайта барады дағыны біздің істеген жұмысымыз ауаға ұшады. Сондайда ата-анасымен де кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын өткізуге құқылымыз.

Биылға қандай жоспарларыңыз бар?
– Биыл бізге 230 млн теңге бөлінді. Бізде оқып шыққан жастар арасында үздіктерді анықтау үшін байқаулар ұйымдастырамыз. Жас туристер, қолөнершілер мектебі мен «Оңтүстік» фан-клубы, «Эрудит» спорт клубын ашуды жоспарлап отырмыз. «Өмірімді жақсы жағына өзгертіп, қоғамда өз орнымды табамын» деген жастар үшін жағымды жаңалықтарымыз көп. Есігіміз ашық! Креативті, басқаға пайдасы тиер жобалар болса, қолдау көрсетуге де дайынбыз.
Әңгімеңізге рахмет

Сұхбаттасқан: Әлия ӘДІЛБЕК