Өзбекстандағы салық төлемдері бизнес өкілдеріне қолайсыз

338

Жергілікті кәсіпкерлер үшін Өзбекстандағы салық төлемдері қолайсыз болып отыр. Көрші ел делегаттарын қабылдаған облыс әкімі іскерлік кездесуде осылай деді. Өңір басшысының пікірінше, бизнес өкілдеріне қойылатын кей талаптар тіпті тиімсіз. Форум алдында тараптар кәсіпкерлерге кері әсер етіп жатқан факторларды саралап шығып, қос ел арасындағы сауда-саттықты дамытуды қарастырды.

Өзбекстан тарапы кеденде кедергілер жоқ, 1 сағат ішінде жетіп келдік дейді. Алайда, не себепті екені белгісіз іскерлік кездесу 40 минутқа кеш басталды. Өңір басшысы бұл жолы облыстың инвестициялық мүмкіндіктерін айтып уақыт оздырған жоқ. Саулық сұрасып болған соң, бірден кәсіпкерлердің қолын кесе көлденең байлап тұрған жәйттерді жайып салды.

Өңір басшысының айтып отырғаны осы кәсіпорындар болса керек. Салықты жеңілдетуді қарастырамыз деп сендірді өзбекстандық делегация. Тоқыма кластеріндегі көрсеткіштерін айтып мақтанған көрші ел делегаттары жылына 3 млрд. 600 млн. доллардың тоқыма өнімдерін шығарып жатқандарын жеткізді. Айтуынша, оның 1,7 млрд. ғана экспортталады екен. Мүмкіндікті мүлт жібермеген мәртебелі қонақтар осы саладағы сауда-саттықты дамытсақ деп отыр.

Қазір кедендегі кедергілер жойылған дейді тараптар. Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» кеден бекетінен күніне 30-35 мың адам өтеді екен. Былтыр кеден бекетіндегі кейбір кедергілер алыс-беріс, барыс келіске кері әсер еткені есте.

Айта кетейік, биылғы жылдың бірінші тоқсанында елдер арасындағы сыртқы сауда айналымы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артыпты. Ал жыл соңына дейін екі жақты сауданың көлемі 3 млрд. АҚШ долларына дейін артады дейді тараптар.