«Динамо» нағыз чемпиондарды даярлайды

548

Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Динамо» ДШСҚ материалдық-техникалық базасы – спорттың дамуына жағдай жасап отырған облыстағы мақтаулы еңбек ұжымдарының бірі. Мұнда спортшыларды түрлі деңгейдегі чемпионаттарға, әлем кубоктарына, Азия және Олимпиада ойындарына дайындап жаттықтырады. Балалар мен жасөспірімдер арасында спорттың дамуына аса ден қойып отыр.

Өрт сөндіру қауіпсіздігі, аэродинамика, дзюдо және қолданбалы спорт түрлерінен аула клубтары жасақталды. Балалар секциясы мен клуб мүшелері жаттығуы үшін басты ғимараттағы жаттығу залдары мен күрес залындағы жабдықтар толықтай пайдаланылады. Барлық мүмкіндік құқыққорғау қызметкерлеріне, спортшыларға, спортпен шұғылданамын деген жандарға арналған.

Қаладағы жалпы білім беретін орта мектептердегі оқушылардың арасында, дзюдодан, самбо күресінен, жеңіл атлетикадан, қол күресінен, қоян-қолтық ұрыстан жарыстар өтеді. Балалар секцияларына әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан балалар тегін қатыса алады.

«Динамо» қоғамының жаттықтырушысы КСРО спорт шебері отставкідегі подполковник Юрий Анатольевич Черепанов өз сөзінде балаларға барлық жағдай жасалғанын, нағыз чемпиондар даярлайтынын атап кетті. Мысалы, дзюдодан ҚР спорт шебері Есенгелді Нұрәділ, ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі, оқушылар спартакиадасының бірнеше дүркін жеңімпазы Балтабаева Дана, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Сыздықов Абылай, халықаралық турнирлердің жүлдегерлері – Лобанова Анастасия мен Әуес Мұхамедали секілді спортшыларымызбен мақтанатынын жасырмады.

Сондай-ақ, дзюдодан бірнеше дүркін жарыстардың жеңімпазы, ОҚО құрамасының спортшысы Ирада Наралиева: «Динамода» жаттығып жүргеніме екі жылдан асты. Жаттықтырушыларымыз көп нәрсе үйретуде. Маған осында келген қатты ұнайды. Жуырда Атырау қаласында оқушылар арасында дзюдодан өткен спартакиадада жүлделі орын алып қайттым. Бізге осындай мүмкіндік беріп отырған ағайларымызға көп рахмет» деп атап өтті.

«Динамо» ДШСҚ төрағасы Розметов Рахматулла – Ішкі істер саласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықпен күрес, азаматтардың тыныштығы мен бейбіт өмірі жолында уақытпен санаспай еңбек еткен, жастарға үлгі болған тұлға. Саналы ғұмырын құқық қорғау саласының тынымсыз қарбаласына арнайы жүріп, спортты да жанына серік етті. Қызметін денешынықтырумен, спортпен ұштастыра білді. Олардың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД, Шымкент қалалық ІІБ, Ұлттық ұлан №6506 әскери бөлімі, қылмыстық атқару жүйесі департаменті, облыстағы мамандандырылған күзет қызметі, ішкі істер желілік бөлімі бар.

Қоғамға қарайтын денешынықтыру ұжымдарында әскери-қолданбалы және бірнеше спорт түрлерінен секциялар үздіксіз қызмет көрсетуде. «Динамо» құрамында жоғары біліктілігі бар спортшылар талмай қызмет атқаруда. Жыл басынан бері облыстағы ішкі істер басқармаларымен бірлесе чемпионат, шағын футбол, атыс қаруынан ату, самбо мен волейболдан жарыстар өткізіліп тұрады. Ішкі істер органынан жасақталған командалар облыстағы, қаладағы жарыстарға қатысуда аса белсенділік танытуда.

ОҚО бойынша «Динамо» қоғамы көршілес өзге облыстар алдында зор беделге ие. Бұл жолда төраға Р. Розметовтің еңбегі шектеусіз. Білімді басшы, білгір тұлға, спорт жанашырының ептілігі мен табанды қасиеттері мінезі әртүрлі, жас ерекшеліктері де сан түрлі спортшылардың басын біріктіріп, ұйыта білуінде.

Міне, осылайша бұқаралық спортты дамыту мақсатын көздеген динамолықтар спорттық шараларды жүйелі, мақсатты түрде өткізіп келеді. Динамо жұмысы жанданып, әлі талай спорттық белестерді бағындыра бермек. Динамолық спортшылардың қоржынға салар алтыны мен шығар тұғырлары биік болсын!
ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы