Есептегіш құралдары қолды болуда

793

Су арнасы мекемесінің мамандары дабыл қағуда. Олар су есептегіш құралдарының қолды болып жатыр дейді.

Айтуларынша, соңғы бірнеше күннің өзінде қалада 30 — дан астам құрылғы ұрланған. Салдарынан Қазыбек би, Әлімбетов, Сапарбаев, Макаров, Перов, Толстой көшелерінің тұрғындары бірнеше сағат бойы ауызсусыз отыруға мәжбүр болған.

Ал мекеме келтірілген шығындарды өз есебінен жабуға мәжбүр. Мамандар жасалып жатқан жұмыстың еш кетіп жатқанына қынжылады. Сөздеріне сенсек, ұрлық жәйттері бойынша Әл-фараби аудандық ішкі істер органдары әрекетсіз отыр. Олай деуге негіз жоқ емес. Себебі, жаңартылған есептегіш құралдары осымен бір емес, бірнеше рет ұрланған. Ол-ол ма?

Ұрлық жасаған азаматтың видеоға түсіп қалған кескін-келбеті де мамандардың қолында бар. Ішкі істер органдары емес, су арнасының мамандарының өздері камераның иесіне өтініш айта жүріп алдырыпты.

Бірақ құзырлы мекеме әлі күнге дейін құралдарды қолды еткен тұлғаларды таппаған. Су арнасы мекемесінің мамандары суыққолдылар құралдарды ішіндегі металына бола ұрлап жатқанын айтады.  Мамандар, осы уақытқа дейін келтірілген шығын 250  мың теңгеге жуықтап қалды дейді. Яғни, бұл сомаға су есептегіш құралынсыз қалған тұрғындарға жаңадан құрылғы сатып алынып, орнатылмақ.