Шетелдіктер салық төлейді

417

Шет ел азаматтарын жұмысқа тарту үшін рұқсат қағазын кім береді? Қандай құжаттар тапсыру керек? Жұмысқа тартылған азматтар салық төлейді ме? Шет ел азаматтарын жұмысқа тартуға облысымызда қанша квота бөлінген? Газетіміздің кезекті санында осы сұрақтарға тиісті мамандардан жауап алдық.

«Еңбек мигранты коммерциялық мақсатта жұмыс істей алмайды»

Алдымен ОҚО ІІД Көші-қон қызметі басқармасына барып, басқарма бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бекарыс Игісіновпен әңгімелестік. Оның айтуынша, өңіріміздегі шетелдік азаматтардың басым бөлігі – еңбек мигранттары. Соның өзі бизнес келушілер, маусымдық жұмысшылар, үй шаруашылығында жұмыс істеушілер және тартылған шет елдік жұмыс күші деп бөлінеді екен.
Бекарыс Игісіновтің айтуынша, шетелден жұмыс күшін тартуға ондай маманның елімізде жоқтығы себеп бола алады. Бізге келетін еңбек мигранттарының көбінің орташа білімдері де жоқ екен.
– Меніңше, бұған бірден-бір себеп – көрші Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттеріне қарағанда бізде өмір сүру жағдайының әлдеқайда жақсы болуы. Ел экономикасының өсуі, Шымқаланың күн санап көркеюі де ықпал етіп отыр. Оларға Қазақстанда нәпақа тауып, елдеріне жіберіп отыру тиімдірек,-дейді полиция подполковнигі.
Газетіміздің алдыңғы санында жазғандай, мигранттардың жұмыс істеуге рұқсаты болғанымен, заң бойынша оларға кәсіпкерлікпен және құрылыс жұмыстарымен айналысуға болмайды.
– Неге дейсіз ғой? Мысалы ретінде алайық, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен жұмыс істеуге келетін еңбек мигранттары жеке тұлғаның рұқсат қағазын алып, ірі компанияларға, ұйымдарға жұмысқа кіреді делік, оның білімін растайтын дипломы жоқ, құрылыс саласынан білетінінен білмейтіні көп мигранттар тұрғызған үйдің сапасына кім кепіл бола алады? Сондықтан олар шетелдікке берілетін рұқсат қағазбен жеке тұлғаның қолында, яғни оның үйін ішкі жөндеу, бағбан, аспаз, бала күтуші болып жұмыс істей алады. Ал коммерциялық мақсатта жұмыс істеуге рұқсат жоқ. Егер де шетелдік мигранттар жоғарыда аталған рұқсаттарды ресімдемей, заңсыз жеке немесе заңды тұлғаларда жұмыс істейтін болған жағдайда, ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігімен әкімшілік шара қолданылады. Айыппұлдың көлемі – 34035 теңге. Ал жұмыс берушілер шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған жағдайда, олар ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабында «Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту» көзделген әкімшілік, ал бір жылдың ішінде бірнеше рет заң бұзушылықтарын қайталап жасаған жағдайда ҚР ҚК-нің 395-бабында «Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзу» көзделген қылмыстық жауапкершілікке тартылады,-дейді полиция подполковнигі.
Айтуынша, 2018 жылдың 5 айында Республиканың көші-қон заңдылығын бұзған жалпы – 6229 (2017 жылы – 5200) шетелдік пен ҚР-сы азаматтары анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Оның ішінде: 3537-і (2017 жылы 3032) шетелдік.
Ал коммерциялық ұйымдарда жұмыс істеуге шақырту арқылы арнайы алдыртылған, дипломы бар, біліктілігі жоғары шетелдік азаматтарға ғана рұқсат етіледі. Жеке тұлғаның қолында жұмыс істеуге берілетін рұқсат қағазына қарағанда, компанияларда жұмыс істеуге құжаттарды рәсімдеу ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі, қосымша талаптары бар.

Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алу үшін…Ол қандай талаптар?
Арнайы шақырту арқылы келетін білікті мамандарға рұқсат қағазын беру және жұмысқа тарту мәселесі бойынша толық ақпарат алу үшін ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына бардық. Ол жерде арнайы көші-қон мәселелерімен айналысатын бөлім жұмыс істейді. Бөлімнің бас маманы Дамира Ешенқұлованың айтуынша, бөлімде шетелдік азаматтармен байланысты көптеген жұмыс функциялары бар. Атап айтқанда, шетелдік жұмыс күші, оралман мәртебесін беру, үшжақты келісімшарт және солтүстік өңірлерге қоныстандыру.
– Олардың ішінде көші-қон мәселесі, шетелдік жұмыс күші аса назарда болып отыр. Жаңа технологияларды біздің өндіріске енгізу әрдайым жұмыстың тез, әрі сапалы орындалуына септігін тигізеді. Нарықтық экономикаға көшкен еліміздегі ірі кәсіпкерлерді аталмыш мәселе қызықтырады. Олар өз бизнестерін қарқынды дамыту үшін және нарықта ұсынысқа ие болу үшін осы технологияларды жетік білетін мамандарды ішкі еңбек нарығында іздеуге күш салады. Бірақ, ондай маманды біздің нарығымызда таба алмағандықтан жұмыс берушілер сырттан маман тартады. Шетелдік жұмыс күшін пайдаланушы заңды тұлға шетелдік мамандарды тарту үшін, алдымен басқармаға келіп, өтінім тапсырады. Кез келген елден тартуға болады, шектеу жоқ. Тек өтінім білдірген кезде келесі жылы қанша адам керектігі және қай салада керек екені жайлы ақпар беру керек,-дейді Дамира Ешенқұлова.

Сондай-ақ жұмыс беруші міндетті түрде келесідей құжаттарды өткізу керектігін ескертті.
Олар:
Өтініш;
Қазақстандық қамту (пайыздық қатынас);
тартылатын шет ел жұмыс күші туралы мәлімет (қандай біліктілік, жұмыс өтілі қанша болу керек)
жеке басын куәландыратын құжат.

Бас маманның айтуынша, жұмыс беруші өтінімді 1 тамызға дейін өткізуі қажет. Басқарма құжаттарды қабылдап алған соң алғашқы процедура, яғни квотаны қалыптастыру жұмыстарына кіріседі. Шетелдік жұмыс күштерін тарту ҚР үкіметімен жыл сайын белгіленетін квота шеңберінде жүзеге асырылады. Квота дегеніміз – 1 жылда ҚР аумағында жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен келіп жұмыс істей алатын шетелдіктердің шекті саны. Еңбек мигранттарын тарту квотасын ҚР ІІМ келер жылғы сұраныс болжамына сай жасайтын болады. Мысалы қазір бізде 2019 жылғы бөлінетін квотаға өтінімдер қабылдау жүріп жатыр. Одан кейін жұмыс берушіге қажетті мамандар ішкі еңбек нарығында іздестіріледі. Өтінімде көрсетілген мамандар елімізде бар-жоғы көрсетіліп, тізім Министрлікке жолданады. Министрлік тек өтінімде көрсетілген мамандардың өз нарығымызда жоқтарына қарай әр облысқа квота бөледі. Квота жұмыс берушілердің жыл көлемінде тапсырған өтінімі негізінде беріледі.

Биыл ОҚО-ға 3867 квота бөлінді
Дамира Ешенқұлованың дерегінше, 2018 жылы облысымызға 3867 квота бөлінді, ал 5 айда оның 2966-на рұқсат берілген. Рұқсатты арнайы комиссия 20 күнде тағайындайды.
– Шетелдік жұмыс күшінің біліктіліктері талапқа сай келмеген жағдайда, рұқсат берілмейді,-дейді Дамира. Бас маман рұқсат қағазының жарамдылық мерзімі – 1 жыл екенін айтады. Оны жұмыс күшінің жататын категориясына қарай создыртуына болады екен.
Мысалы тартылатын шетелдік жұмыс күші 4 санатқа бөлінед: 1,2,3 санаттағылар – жоғары білікті мамандар. Оларға берілген рұқсатты 2 жылға создыртуға болады. Ал 4 санатқа қарайтын орта кәсіптік білімі бар білікті жұмысшыларға рұқсат 12 айға беріледі және создыруға болмайды. Сондай-ақ, егер жұмыс берушінің жұмысы 12 айдан ерте бітіп, шетелдік жұмыс күшін өз еліне кері қайтару керек болған жағдайда, еңбек шартын тоқтатады. Басқармаға келіп, алдын алынған рұқсаттың мерзімін тоқтату туралы өтінім береді. Сұрап білгеніміздей, өңірімізге бөлінген квотаның басым бөлігі құрылыс саласына тиесілі болып шықты. Мысалы тартылған шет елдік жұмыскерлердің 90 пайызы құрылысы жүріп жатқан Шымкент мұнай өңдеу зауытында еңбек етіп жүр және олардың барлығы дерлік ҚХР азаматтары, деді Дамира Ешенқұлова.
Бұдан бөлек транспорт, инженерия және фармацевтика саласына шетелдік жұмыс күші тартылған.

Қанша салық төлейді?
Бұл жерден шығып, тартылған шет елдік жұмыс күші салық төлейтін, төлемейтінін, төлесе көлемі қанша екенін сұрап білу үшін Абай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына бардық. Салық туралы сұрақтарымызға жауап беретін маман табылмады, бірі «мен жауапты емеспін» деді, екіншісі облыстық кірістер департаментіне жолдады. Білгеніміз – тек бір ақпарат – арнайы шақыртумен тартылған жұмыс күші салық төлеу үшін, басқармаға келіп, тіркелу керек.

Бақдәулет Өтембаев, ОҚО Абай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы, ақпаратты қабылдау және беру орталығы бөлімінің басшысы: 
– Жеке тұлға, оның ішінде шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам салық төлеуші ретінде тіркелу үшін, мемлекеттік кірістер органына тұрғылықты немесе болатын жері бойынша жеке басын куәландыратын құжаттың қазақша немесе орысша тілде нотариат куәландырған көшірмесі мен тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті ұсынады. Мемлекеттік кірістер органы салықтық өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жеке тұлға, оның ішінде шетелдік немесе азаматтығы жоқ адамды тіркеу есебіне қояды. Осыдан кейін біз оларға Қазақстандық ЖСН береміз, ол сол нөмір арқылы салық аударып отырады деді.

Бұл жерден жауап ала алмаған соң, ОҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне барып дәл сол сұрақтарды қойдық.

Сәуле Өмірзақова ОҚО МКД Түсіндіру жұмыс басқармасының бас маманы: 
Салық кодексінің 655-бабына сәйкес, бейрезидент-жеке тұлғаның Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістеріне 20 пайыз мөлшерлемесі бойынша төлем көзiнен жеке табыс салығы салықтық шегерiмдер жүзеге асырылмай салынады. Кейбір жағдайларда 10 пайыз мөлшерлемесі қолданылады.

Қала аудандық ішкі істер және мемлекеттік кіріс органдарымен салыстыру жұмыстары нәтижесінде алынған мәліметке сәйкес, 2018 жылдың 5 айында өңіріміздегі жұмысшы көшіп-келушілерден жеке кіріс салығы бойынша бюджетке түскен қаржы 216 098 722 теңгені құрапты.

Әлия ӘДІЛБЕК