Жерлестеріміз жеңіспен оралды. Дәлірегі, күнгейлік дарынды оқушылар Республикалық «Бүгіннің баласы – болашақтың данасы» атты байқауда топ жарып, 7 бірдей жүлдені қанжығасына байлады.Осымен облыстың қоржыны бір – бас жүлде, 3 бірдей 1-орынмен толығып отыр. Жетім және ата-анасының қамқорлығынан қағылған балалар арасында өрбитін дәстүрлі өнер фестиваліне қатысып, намысты қолдан бермеген үздік шәкірттерді бүгін облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр арнайы қабылдап, алғыс хат тапсырды. Сый-таралғысын үлестірді.
Айгүл Ержігітова, «Бүгіннің баласы – болашақтың данасы» республикалық байқауының бас жүлдегері: «Қазіргі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын! Көркемсөз оқу шеберлігі бойынша бас бәйгені жеңіп алдым. Менің өзге де қатысушылардан ерекшелігім – әрбір сөзі анық әрі жүрекпен жаттай ұсынамын. Және сайыстағы мен үшін тарихи сәт – Меруерт Өтекешованың өзі маған диплом табыстап, марапаттады».

Айтулы Республикалық өнер бесекесіне 400-ге жуық үміткер қатысса, оның 23-і – біздің жерлестеріміз. Жетеуі жеңістің төрін бағындырып, құрметке бөленіп отыр. Айта өтейік, бүгінде облысымызда 5 балалар үйі бар. Осы мемлекеттің баспанасын 350-ге жуық бала паналайды, ал жалпы жетім балалар саны – 2500-ға жетіп жығылған.