Программалау: баланы баулудың қыр-сыры

1117
фото: youplusplus.club

Технология тым жасарып бара жатыр. Ол бұрын да жастар мен жасөспірімдер алдыңғы шепте жүретін сала болды. Бірақ ақпараттық технология саласы жастарды әдейі таңдайтындай.

IT мамандарына сұраныс алапат. Елде де, әлемде де. «Қазақстанда кадр тапшылығының кесірінен IT саласының дамуы тежеліп отыр» деген көзқарас бар. Жыл сайын ЖОО бітіріп шығатын шамамен 5-6 мың маманды бизнес әлі көрмей отыр дейді «KCELL» АҚ коммуникация бөлімінің басшысы Наталья Еськова. Соншама мамандар нөпірінің нарықта тек 8 пайызының ізі бар көрінеді.
Жалғыз бізге тән көрініс емес. Еуроодақ пен АҚШ 2017 жылғы есеппен 27 пайызға дейін дефицит сезіпті. Бұл – жүздеген мың IT маман керек деген сөз.
Ендеше IT саласы бойынша мамандық – жұмыспен қамтылудың кепілі ме?

Сала туралы бүгінгі пікір

IT саласы міндетті түрде майшелпек, ал ондағы қызметкер тек самаладай жарық офис-терде жұмыс істейді деген стереотип қайдан шыққан?
Жазған құлдарыңыз еңбек жолында IT саласының ондай тұстарын өмірінде көрген емес. Оның себебі бар.

Себебі IT – әбден аяқталған өнім беретін сала емес. Программа болсын, немесе офистік техника болсын – үнемі жетілдіруді, ауыстырып отыруды, соңғы жаңалықтардың ауанын аңдап отырып баптауды қажет ететін жұмыс. Рас, еңбек жағдайы басқа біраз мамандықтан тәуір болуы мүмкін. Бірақ, қаржыгерлерден, есепшілерден артық емес.
Оның үстіне, «IT-өнім проблема енді қай бүйірден соғады екен?» деп уайымдатады. Сервердің тоқтап қалуы, жарықтың өшуі, бүкіл құпиясөз жалғыз өзіне аян администратордың өліп қалуы – бәрі де мүмкін. Ал өзі көрсететін қызметті уайымдамайтын қай саланың маманы да нағыз маман емес.

Бұған, IT саласындағы құралдардың (программалық та, аппараттық та) көз ілеспес жылдамдықпен ескіріп отыратынын, кей тұстарда бұрынғы білімің тіпті іске аспай қалатынын ескеру керек. Ал бұл жәйт үнемі техникалық әдебиеттерді төңкеруді, қайта адаптацияны қажет етеді.
Мұны ақпараттық технологиялардан жеріндіру үшін жазып отыр деп ойлап қалмаңыздар. Қысқамерзімді жеңіл жұмысқа малданып, кейін көшке ілесе алмай қалған IT мамандар өте көп. «Код жазып қойдым, енді компьютер өзі жұмыс істейді, жұмысқа бармасам да болады» дегендер бұл салада қазір жоқ немесе бұрынғысынан төмен дәрежеде қызмет етіп жүр.
Сондықтан IT саласын басқа салалардан ерекшелеп қарау – үлкен қате. Мұнда да нарық заңдары жұмыс істейді, тіпті тым қатты жұмыс істейді деуге болады. «Қол былғанбайтын таза жұмыс» екені рас та шығар, бірақ ізденбейтін, місетұтушылыққа бейім адамға пайдасы жоқ жұмыс.

Арда мұғалім немесе шебер дәнекерші өмір бойы абыройлы болуы мүмкін. Ал IT маман тек өзінен мықты табылғанша ғана. ҚР еңбек заңнамасы бойынша еңбек кітапшасына жазылатын марапаттар мен сыйақылардың IT маманы үшін еш мағынасы жоқ. Себебі өнімділікті екі есе молайтқан программистің даңқы оны бес есеге молайтатын шешім табылғанға дейін. IT нарығы малдануды жақтырмайды.

Баланы баулудың жай-жапсары

Жасөспірімдер мен қызығушыларды программалауға үйрететін курстар кәдімгідей көбейді. Біз солардың бірнешеуіне хабарласқан едік. Қызығы сол: олардың көбі жабылып үлгеріпті; ал біразы – халық арасындағы IT саласы туралы кереғар пікірлердің зардабын тартып жүріп жатыр.

Ілияс Бурханов, isabaq.kz жобасының жетекшісі

– Курстарға әке-шешелері әкеліп жатқан балалар бар, – дейді шымкенттік isabaq.kz жобасының жетекшісі Ілияс Бурханов, – бірақ олардың барлығын ынталы дей алмаймын.
Шынымен, программа-лауға – музыка немесе би үйірмесі сияқты қарауға бола ма? Тұрмыстық деңгейде ойласақ, биге қатысатын баланы «биші болып кетпесе де, ертең биге шақырған қызынан ұялмайды» дейтін ата-аналар бар. Ән-күйге де композитор болады деп бермейтіні анық. Ал программалау үйірмесіне қандай мотивация бар? Би алаңында, елдің алдында шығаратын өнер емес қой?
–Трендтерге байланысты. Есіңізде ме, бір уақыттары менталды арифметика сән болғаны? Жер-жерден үйірмелер ашылып, ата-аналар лап қойды емес пе? Сосын бәсеңсіді. Программалау үйірмелері де солай – дейді Ілияс.

Ілиястың бұл сөзі расталды. Шымкент қаласы бойынша менталды арифметикаға үйрететін үйірмелердің бүгінде көбі жоқ екен. 10 хабарландыру бойынша телефон шалғанда, тек біреуі ғана көтерді, оның өзінде «әлдеқашан жабылып қалғанбыз, қазір ағылшын тілі бар, келіңіз»(!) деді. Ал автор менталды арифметиканың қалайша кенеттен ғаламат сұранысқа ие болғанын біледі. Ресейлік арналардағы ток-шоулардың бірінде қазақстандық оқушы сандарды калькулятордан бетер азайтып-қосып, көбейтіп-бөлген еді. Осыдан кейін менталды арифметиканың даңқы аспандап кетті. Жер-жерде үйірмелер қаптады. Ғалымдардың ескертуі де еленбеді. Олардың пірікірінше, менталды арифметика есепті логикамен емес, механикалық жолмен шығаруға дағдыландырады екен. Жақтаушы тараптың пікірі әлі белгісіз.

Енді қазір, елімізде төртінші өндірістік революция жағдайына бейімделу мақсаты тұрғанда, «Цифрлы Қазақстан» жобасы жарияланғанда, программалаудың сұранысқа ие болуы заңды. Бірақ программалау–ең болмаса жаттанды үйреніп алатындай өнер ме? Баланы бақытты балалық шақ есебінен болашақта бәрібір қажет қылмайтын кәсіпке үйрету қаупі жоқ па?

– Кез келген жұмыс сияқты, программалау да «тоқсан тоғыз пайыз тер мен бір пайыз талант» – дейді бұған Ілияс. Оның айтуынша, ең алдымен баланың өзінің ықыласы болмаса, тыраштанудың қажеті жоқ. Себебі «данышпан баланың» ата-анаға әкелетін абыройы болғанымен, ондай абыройдың қандай жолмен келетінін қарау керек. Қинау, баланың болашағын өз арманыңа таңу – пайдасынан гөрі кесірі көп, ең болмаса ақша желге ұшып, бала қамкөңіл болады.

Өздерінен де бар

Программалау немесе кодинг – жастар мен жасөспірімдер арасында бақуатты өмір салтын әбден жарнамалайтын өнер. Фильмдер – екі жол ұтқыр код жазып, енді жағажайда демалып жатқан миллионер бозбаланы насихаттайды; интернеттегі «қаңғы» баннерлер – саусағын да жыбырлатпастан қыруар қаржыға ие болған бақыттылар туралы хикаяттарға апарады. Самаладай жап-жарық офистер, люкс автолар, зәулім үйлер – сол фильмдер мен хикаяттардың айнымас бөлігі. Бұл өз кезегінде әрине, бозбаланың көз алдында «қарамай жұмыстардың» беделін түсіреді. Бір жағынан, игілікке ұмтылу – есі дұрыс адамның әрекеті. Екінші жағынан, сол игіліктің барлығы еңбексіз келеді деп ойлау қауіпті.

фото: it-courses.by

Программалау – ауырлығы жөнінен басқа мамандықтардан еш қалыспайтын өнер. Ал кетпен шабу мен ой еңбегін салыстырып, ақыры таза әрі табысты болғаны үшін ой еңбегін таңдау – ақымақтық. Физиологиялық күш пен ой еңбегінің эквивалент екені, энергетикалық шығындары теңесетіні әлдеқашан дәлелденген. Академик Павловтың өзі ой еңбегін күш жұмсауға балама ретінде қарастырып, таңғы жаттығулар қатарына енгізуді қарастырған.
Дегенмен, жарнама өз дегенін қылғанға ұқсайды. Сәтті код жазып, ақшаның астында қалған бозбала образына елтіген жасөспірімдердің өздері де келіп жатады курстарға.

– Программалау курсына келушілер әдетте бұл кәсіптің сыртқы пішінінің әсерімен келеді. Сосын код жазу терезелері ашылып, тер төгуді талап ететін жұмыс бастала сала, арындары бірден басылады – дейді Ілияс. Оның айтуынша, ондайлардың үлесі тым көп, келушілердің 70-80 пайызын құрайды!

Жұрттың балалары

Енді, программалауға баулудың шетелдік тәжірибесіне үңілсек. Біздің елдегі үрдістерге ұқсас жерлері де, кереғар тұстары да бар.

Ұқсас жері – IT мамандарды қайткенде де көбейтуге мемлекет тарапынан жанталас. Мәселе түсінікті: кім бұл салада артта қалса – сол ертең тұтынушы болады. 2000 жылдардағы «квоталар шайқасы» есімізде. Германия программистер үшін 5 мың адамға квота бергенде, АҚШ жауап ретінде 50 мың адамға квота бөлді. Бұл IT саласының халықаралық сипатқа ие болуына әкеп соқты. Гонгконгте таңғы жиналысқа қатысып, Ванкуверде түстену – бүгінгі экспат-программистерге үйреншікті нәрсе.

Ұқсамайтын жері – шетелдерде программалау саласында кездейсоқ адамдар көп. Мұны тарих саласына ұқсатуға болады. Көне руналарды оқыған, үндістердің ғибадатханаларын тапқандар кәсіби тарихшы емес, банк қызметкерлері, көпестер мен жай саяхатшылар екенін білесіздер. Программалау саласында да жеке ынтасы мен әуестігінің арқасында келген және табысқа жеткен мамандар көп-ақ. Бұл туралы тіпті арнайы зерттеулер де бар, бірақ ол басқа тақырыптың еншісі.

Жетіспейтіні – жеке ынта мен әуестік

Ата-аналар үшін де – баланы программалау курсына беру ең алдымен сол баланың өзінің ықыласына байланысты болуы керек. «Еңбек бәрін де жеңбек» сияқты бәріне белгілі нақылды айтуға ұялып отырмыз, бірақ бәрібір қайталауға тура келіп отыр. Мінеки, бір мысал келтірсек. Қазірде смартфондарға арналған елу шақты программаның авторы, 19 жастағы нигериялық жігіттің шынайы хикаясы.

2012 жылы ол баланың ауылында интернет түгілі компьютер болмаған. Бірақ ол программалауды кәдімгі … Nokia 2690 (жарнама емес, Nokia қазір жоқ) телефонымен үйренген! Үйреніп қана қоймай, ол бүгіндері Microsoft компаниясының әріптесі. Оның оқулығы болған – интернеттегі мақалалар мен оқулықтар. Болғаны осы.
Оның жанкештілігін түсіндіру үшін, Nokia 2690 телефоны сіздің қолыңыздағы смартфоннан әлдеқайда нашар екенін айтсам жеткілікті. Жалпы, біз SMS теруге де ерінеміз, ал ол – тұтастай программаларды жазып, интернет үшін қалаға барып жүрген.
Енді оның жағдайын өзіңізбен, немесе программалау курстарындағы кабинеттегі мүмкіндіктермен салыстырыңыз. Ноутбуктер, компьютерлер бар. Кейбіреулерде қос-қостан смартфон бар. Интернет бүгіндері мәселе болудан қалды.

фото: inka-holding.ru

Сонда не жетіспейді?
Әрине, тек жеке ынта мен әуестік. Оны ешқандай ұстаз, ешқандай курс бере алмайды. Түймелі телефонмен-ақ табысқа жеткен сол қарабаланың мысалы мамандық таңдауда тежеуі де, ойландыруы да тиіс. Ал бала үшін шешім қабылдарда – он есе ойландыруы керек.

Біз қазірде алпауыт IT компанияларда табысқа жеткен отандастарымыз туралы естіп жатамыз. Олардың ішінде шымкенттік өрендер де көп. Мақала мен телебағдарламада олардың табысқа жету жолы тым қысқа, тек сәттіліктен тұратын болып көрінуі мүмкін. Бірақ күмәніңіз болмасын: оларды табысқа жеткізген – ең алдымен жеке құштарлық, сосын ұйқысыз түндерден тұратын қажырлы еңбек. Төте жолын ұсынатындар болса – алданып қалмаңыздар.

Ерлан Оспан,
IT маманы

«Оңтүстік Рабат» газеті

№33, 15 ТАМЫЗ 2018 ж.

материалды көшіріп басқанда,
бастапқы 2-4 сөйлемдерінде гиперсілтеме және соңында авторы, газет
атауы (нөмірі, шығу күні) көрсетілуі міндетті