Тегін оқу. Шәкіртақы. Жолақы. Жатақханамен қамтамасыз ету. Тұрақты жұмысқа жолдама. Бұл мүмкіндіктерді ұсынатын бірден бір жоба — «Серпін-2050» бағдарламасы. 2014 жылдан бері жүзеге асырылатын бағдарлама тағы да жалғасты. Биыл Түркістан облысының 3000-ға жуық талапкері халық саны аз солтүстік өңірлерде тегін оқуға ниет білдірген. Грант саны да артты. 2018-2019 оқу жылына «Серпін 2050» бойынша университеттерге — 5089, ал колледждерге 740 грант бөлінген. Талапкер «Серпін 2050» ұсынған грант конкурсына қатысып, иегері атану үшін ҰБТ қорытындысы бойынша шекті ұпайдан асса болғаны.
Құжат қабылдаудың соңғы күні
«Серпін 2050» бойынша тың ақпараттар мен биылғы өзгерістерді білмек болып, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «А» оқу ғимаратына бардық. Өйткені осында құжаттар қабылданды. «Мәңгілік ел жастары — индустрияға» — «Серпін -2050» бағдарламасы аясында құжат қабылдаудың соңғы күні (26 шілде) екен. Құжаттарын қолтықтап, абыр-сабырға салынып жүрген жас көп. Солтүстік, шығыс, батыс және орталық өңірлерінен келген ЖОО өкілдері бір қатарда тізіліп отыр. Бәрінің үстелінде оқу орны ұсынатын мамандықтар мен гранттар тізімі жазылған. Талапкерлер келіп, ұнаған білім ошақтарының тиісті кодын теріп, өтініш қалдырып жатты. Солардың бірін әңгімеге тарттық. Перизат сұрақтарымызға жауап беруге бірден келісе кетті.
Перизат Бектас – Түлкібас ауданының тумасы. Биыл мектеп бітірген бойжеткен ҰБТ-дан 85 ұпай жинаған. Өзі қалаған жоғары оқу орнына және өзі армандаған мамандығына грантқа түсу үшін ұпайы жетпейтін болғандықтан «Серпін 2050» бағдарламасына құжаттарын өткізіпті.
Перизат Бектас, «Серпін 2050» бағдарламасына қатысушы:
– Өз ойымдағы ұпайды жинай алмадым. Әуелде көңіл-күйім түскені рас. Бірақ өмір жалғасып жатыр ғой. Шымкентте тұратын әпкем «Серпін 2050» бағдарламасына қатысуға шақырды. Бағдарламаның конкурсына қатысу үшін 50 ұпай жететінін естідім. Барлығын ой таразысына салып, кеңесе келе «Серпін» бойынша оқуға түсемін» деп шештім. Бүгін құжаттарымды тапсырдым. Қарағандыны таңдадым. Басқа ұсынылған Петропавл, Павлодар, Өскемен қалаларында ешқандай танысым жоқ. Туған-туыстарым да құптамады.
Айтпақшы…
«Серпін 2050» бағдарламасы бойынша ЖОО-ның грант конкурсына құжат тапсырып, бірақ грантқа іліне алмаған талапкер мойымай, керісінше колледждеріне де құжат тапсырып, грантын алуына талаптануына болады. Және бір ескерту: «Серпін 2050» бағдарламасы аясында тегін грант ұсынатын колледждерге тек 11-сынып бітірушілері ғана қатысуға жіберіледі. 9-сынып бітіргендер қатыстырылмайды. Бұған қоса, «Серпін 2050» бағдарламасы аясында жоғары оқу орындарын ұсынатын грант конкурсына былтыр не арғы жылы мектеп бітіріп, бірақ грант иеленбеген азаматтар да кешенді тестілеуге қатысып, соның нәтижесімен «Серпін 2050» бойынша ЖОО-ның грант конкурсына қатыса алады.
«Серпіннің» алғашқы түлегі Жұлдызай
Иә, «Петропавл, Павлодар» десе көп адамның жыл он екі ай қалың қар мен жауын-шашынды елестетіні рас. «Орыстанып кеткен қала» дейтіндері де бар. Бірақ келесі кейіпкеріміз Жұлдызай Жақсылық мұнымен келіспейді. Жұлдызай «Серпін 2050» бағдарламасы бойын-ша 2014 жылы оқуға түсіп, осы бағдарлама шеңберінде диплом алған алғашқы түлектердің бірі. Ол Петропавлдағы М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-ін бітірген. Қызылорданың тумасы. Онымен телефон арқылы тілдестік. Жұлдызай әңгіме барысында Петропавлдағы 4 жыл оқуы қалай өткенін, қандай қиындықтарға тап болғанын айтып берді.
Жұлдызай Жақсылық 2014 жылы мектепті бітіргенінде «Серпін» жайлы мүлдем естімеген. ЖОО-ға құжат тапсыратын кезде ғана сондағы өкілдерден естіп, бағдарламаның конкурсына қатысуға құжат тапсырады.
Жұлдызай Жақсылық, «Серпін 2050» бағдарламасынң алғашқы түлегі:
– Ата-анам мен бауырларымның ешқайсысына айтпай, бағдарламаға қатыстым. Өйткені грант керек болды. Ата-анамды қинағым келмеді. Петропавл қандай қала, адамдары қандай екенін білмесем де, сол қаланы бірінші таңдадым. Кейін Көкшетау, Павлодарды белгіледім. Үйге барған кезде ата-анам «Не болды?Қайда тапсырдың?» деп сұрады. Айттым. Менен бұрын олар шошып кетті. «Ойбай, алыс қой! Орыс барлығы! Қалай барасың?» деп жағамнан алды ғой. Кейін көнді. Сыныптастарым мен таныстарымның ішінен жалғыз өзім «Серпінге» құжат тапсырыппын. Бірақ әлеуметтік желі арқылы Қызылордадан Петропавлға түскен қатарластарымды тауып алдым. 3 қыз болып, жолға шықтық. Ол кезде Қызылордадан Петропавлға тіке жүретін пойыз жоқ еді. Көкшетауға дейін барып, кейін сол жерден Петропавлға дейін ауысып міну арқылы жеттік. Қиындықтар осы кезден басталды,-дейді Жұлдызай.
Айтуынша, басында уәде еткен адамдар күтіп алмаған. Айтылған жатақханаға барған кезде «Коммендант жоқ» деп қыздарды кіргізбен. Содан бөтен қалаға келген қыздар қайда барарын білмей бір күн теміржол вокзалында түнепті. Ертеңіне барып, жатақханаға жайғасады.
– 15 күн ерте бардық. Сол аралықта барлық ақшамызды жаратып тастадық. Аш жатқан күндеріміз болды. Бірақ оқу басталғаннан кейін бәрі өз орнына түсті. Кураторымыз келіп танысып, қолынан келгенше көмектесті. Қаланы аралатып, таныстырды. Алғашында жергілікті студенттер бізді «Сендер оңтүстіктен келгенсіңдер, ұпайларың аз болса да біздің грантты тартып алдыңдар» деп шеттетті. Бөліне бастады. Бірінші семестрдің соңына дейін сондай қарым-қатынаста жүрдік. Кейін барлығымыз дос болып кеттік. Барлық уәде еткен жағдайлар жасалды. Тегін білім алдық. Жатақханадағы орыс қыздар бізге орыс тілінен, біз оларға қазақ тілінен көмектестік. «Петропавл халқының бәрі де орыстанып кеткен» дегенмен келіспеймін. Қазақтар көп. Тек орысша сөйлеуге үйреніп қалған. Әйтпесе, түсінбей жатсаң, қазақша түсіндіріп, қазақша әңгімелеседі,- дейді Жұлдызай.
«Алғашқы семестрден кейін біз қалаға бейімделіп, ол жақтағылар бізге үйреніп кетті. Сөйтіп 4 жыл зуылдап өте шықты» деген кейіпкеріміздің айтуынша, 4 жылдың ішінде басқа өңірлерден «Серпін 2050» бойынша келген студенттердің ішінде кері қайтып кеткендері де аз болмапты.
– Үйренісе алмағандар болды. Көбі ауа-райына шыдамады. Бірақ Петропавлдің қыс мезгілі тамаша. Осы жаққа барғалы денсаулығым жақсарды. Жазда да қапырық емес. Айнала үнемі жап-жасыл болып тұрады. Сонда қалып қойған жерлестеріміз де көп. Биыл «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын қызыл дипломға бітірдім. Демалыста туған жерім Қызылордаға келгенімде керісінше бұл жаққа үйренісе алмадым (күліп). Петропавлды қатты сағынып жүрмін,- дейді ол. Осы кезде Жұлдызайдың даусы жарқын-жарқын шықты. Ертең-ақ Петропавлға қарай аттануға дайын сияқты сезілді.
«Серпін» түлегінен болашақ серпіндіктерге 4 кеңес
Жұлдызайдан Петропавлаға баруға ниетті жастарға қандай кеңес бере алатынын да сұраған едік. Жауабын кідіртпей, әп-сәтте төрт кеңес айтты.
Бірінші кезекте, жылы киімді көбірек алу керек. «Әлі уақыт бар, қысқы демалыста үйге келгенде алып келемін» деген болмайды. Өйткені бұл жақта тамыз айынан бастап күн суытады
Екіншіден, өзіңмен артық ақша алған жөн. Өйткені құжат қабылдау тамыздың ортасында жүреді. Оқу басталғанға дейін күн көру керек. Бұл жақта азық-түлік қымбат. Жемістер өте қымбат.
Үшіншіден, ұйқысыз түндерге дайын бол. Оқытушылар өте талапшыл. «Пара алу, пара беру» деген мүлдем жоқ. Оқысаң «жақсы», оқымасаң «нашар» баға аласың.
Төртіншіден, шыдамды болу керек. Басында қиындықтар болғанымен, кейін оңалады. Өз тәжірибеме сүйеніп айтып отрымын. Ол жақтың адамдары өте адал және мейірімді. Бәсеке деген жоқ. Қала тып-тыныш. Жастары бұзақы емес.
Жұлдызай оқыған университетіне сол мамандығы бойынша магистратурасына құжаттарын тапсырыпты. Қазірдің өзіне 10 шақты жұмыс орнынан шақырту түскен. «Енді магистратурамен қатар жұмыс істеп, сол жақта қаламын» деп отыр.
Тағы да басымдылық техникалық мамандықтарда
«Серпін 2050» бағдарламасы жас толқынға қандай мүмкіндіктер ұсынады? Грант иегері атану үшін қанша ұпай жинау керек? Бұл сұрақты Түркістан облыстық отбасы, балалар және жас-тар істері жөніндегі басқармасының бас маманы Раушан Амановадан сұрап білдік.
Оның келтірген дерегінше, биыл бағдарлама аясында ЖОО-на 5089 грант бөлінген. Былтырмен салыстырғанда 1376 грант артық. Бағдарлама аясында ЖОО-на түсуге ниетті талапкерлерге 350 мамандық ұсынылыпты. Оның 195-і-техникалық, 91-і-педагогикалық мамандықтар болса, ауыл шаруашылығы бойынша 64 мамандық бар. Бағдарлама аясында грантқа ие болған жастарға шәкіртақы беріледі, жатақханамен қамтылады және жылына екі рет демалысқа үйіне бару-келу жолақысы төленеді. Ал оқуын аяқтаған соң, оқу орны оларды жұмыспен қамтуға міндетті.
Бағдарламаға қала мектептерінің бітірушілері қатыса алмайды
Раушан Аманованың айтуынша, ҰБТ-ға қатысып шекті 50 ұпайдан көп жинаған кез келген түлек бағдарламаның тегін гранттар конкурсына қатыса алады. Ал қала мектептерінің бітірушілері қатыса алмайды. Құжат қабылдау аяқталғаннан кейін «серпіндіктер» өзара конкурсқа түседі. Егер түлек жалпы конкурсқа тапсырса, бүкіл Қазақстанның облысы бойынша бағын сынап көреді. Ал «Серпінде» осы бағдарламаға қатысуға құқығы бар облыстармен, яғни Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы өңірлерінің талапкерлерімен конкурсқа түседі.
– «Серпіннің» жалпы конкурстан ерекшелігі осы. Грантқа түсу мүмкіндігі мол. Өйткені талап етілетін ұпай жоғары емес,- дейді Раушан Аманова.
Раушан Аманова, Түркістан облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының бас маманы:
– «Серпіннің» негізгі көздегені — жастарды халқы аз қоныстанған және еңбек күшін қажет ететін солтүстік аймақтардағы жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарына орналастырып, жұмыспен қамту. Қазір барлық қабылдап алушы оқу орындарында арнайы «Серпін» бағдарламасы аясында штабтар құрылған. Олар грант иегерлерін күтіп алады. Солармен жұмыс жасайды. Жалпы жобаға 14 облыс қатысса, оның ішінде 9-ы қабылдаушы, ал 5-уі жіберуші өңір болады. Бағдарлама басталған 4 жылдан бері Қазақстан бойынша 15 мыңға жуық жас білім алса, соның 6490-ы Түркістан облысының түлектері. Олар сондағы жоғары оқу орындарында білім алуда. Ал облысымыздың 1938 жасы колледждерде оқып жатыр. Осылайша бағдарлама аясында білім алатын жастардың 50 пайызы — оңтүстік өңіріне тиесілі. «Биыл да бұл көрсеткішті сақтап қаламыз» деген ойдамын. Өйткені биылғы құжат қабылдаудың 10 күнінде Түркістан облысынан 3000-ға жуық түлек бағдарлама аясында ЖОО-на түсуге құжат тапсырды. Облыс атауы Түркістан болып өзгеруі және облыс орталығы Түркістан қаласына көшуіне байланысты бағдарламаға қатысушылардың құжаттары Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде де қабылданды.
Грант иегерлері 3 тамыз күні анықталады
– «Серпін» бағдарламасы аясында оқу бітірген студенттер 3 жыл сонда жұмысқа қалу керек. Бірақ бұл міндетті деген қаулы, немесе қағаз жүзіндегі бұйрық жоқ, — дейді Раушан Аманова. Ал конкурстың жалпы қорытындысы 3 тамыз күні «Егемен Қазақстан» газетінде және Ұлттық тест орталығының сайтында жарияланады.
Колледждерге құжат қабылдау басталды
Иә, «Серпін» бағдарламасы аясында жоғары оқу орындарының грантына құжат қабылдау аяқталды. Қатысушылардың бағы жанып, грант иегері атануға жазсын. «Ал үлгермей қалғандар болса, «мұңаймаңыз» дейміз. Өйткені, колледжге тапсыру мүмкіндігі бар. 5-30 тамыз аралығында «Серпін» бағдарламасы аясында кәсіптік-техникалық колледждерге құжат қабылдау жүреді. Биыл колледждерге 740 грант бөлінген. Ұсынатын мүмкіндіктері, жеңілдіктер және түсуге болатын өңірлері дәл жоғары оқу орындарына ұқсас. Тек түсу талаптарында өзгешелік бар.
– Колледжге түскісі келетін ниеттілердің ҰБТ-ға қатысқан болуы міндетті емес. Құжат қабылдау кезінде өңірлерден келген колледж өкілдері талапкерлердің таңдаған мамандығына сәйкес емтихан сұрақтарын ұсынады. Сүрінбей өтсе, жеткілікті. Содан кейін өзара конкурсқа түседі. Бітірушілер 100 пайыз жұмыспен қамтылады,- дейді бас маман Раушан Аманова. Айта кетйік, кәсіптік-техникалық колледждерде білім алуға ниетті талапкерлерден құжат қабылдау облыстық «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында өтеді.
Жас толқын, қапы қалма!
Әлия Әділбек
«Оңтүстік Рабат» газеті
№31, 1 ТАМЫЗ 2018 ж.