Грант ұтып алды

619

Жарыққа кететін шығынды 10 есеге азайтуға болады. Шымкенттік өнертапқыш Ілияс Мұрат күріштің қауызын ыдырату арқылы энергия көздерін алуға болатынын дәлелдеп, әлемде баламасы жоқ биологиялық батареялар ойлап тапты.

Оның айтуынша, бір батареяны орнату — электр энергиясын 49 жыл бойы тегін пайдаланумен пара-пар. Ілияс туралы «Тоқтаманың» бұған дейінгі сандарында жазған едік. Сол кезде жобасын таныстырып қана жүрген жігіт жуырда бірнеше грант ұтып алды. Тіпті, Абай саябағына жарықтандыруды орнатуды бастап кетті.

20 жасар Ілияс Мұрат – М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың 4-курс студенті. Ол ойлап тапқан «Биологиялық батареялар» атты қондырғысы кәдуілгі күріштің қауызына таза биологиялық бактерияларды қосуды ғана қажет етеді. Осы кезде ыдырау процессі жүріп, электр энергия-сы алынады. Биологиялық батарея 12 цилиндрден тұрады. Әрбір цилиндрдің ұзындығы 100 мм, диаметрі 50 мм. Бір цилиндрге 50 г күріш қауызы салынады. Бір цилиндрге 50 г күріштің қауызын салып, 70 миллиАмпер ток күші алынса, цилиндрлерді бір біріне параллель жалғау арқылы қуаты 6 вольт светодиодты жанады. Айтуынша, бұл әдіс шығынсыз деуге болады екен.
Шымкенттегі Абай атындағы саябақтың бір жарықшамын 9 cағат бойына қосып қоюға 4,5 кВт/сағ энергия кетеді. Саябақта 60-қа жуық жарық бағанасы бар. Демек бір күнде 270 кВт/сағ электр энергиясы тұтынылады. Қазір 1кВт/сағ электр энергиясының құны 13,5 теңге. Сонда 1 күнде Абай атындағы саябақты жарықпен қамтамасыз ету үшін 3600 теңге шығындалады. Ал қарапайым күн батареяларының құны – 180 мың теңгені құрайды. Егер биологиялық батареяларды орнатса, нөлдік шығынға қол жеткіземіз. Өйткені, бағасы 10 мың теңге және батареяның жарық беру ұзақтығы жарты жылға жетеді. Тек жарты жылдан соң күріш қауызын ауыстырып тұрса жеткілікті. Батарея қондырғысының жарамдылық мерзімі 40-50 жыл.
Ілиястың сөзінде негіз бар. Себебі электр энергиясын алуға қажетті шикізатқа тегін қол жеткізуге болады. Жылына елімізде 180 мың тонна күріш өндіріледі. Оның 60 мың тоннасы қалдыққа айналады. Күріш қауызы өте ұзақ уақыт бойы шірімейтіндіктен көптеген жерде жағады. Салдарынан экологияға үлкен зардап тигізеді. Күріш қауызын жағатын полигондарға жақын орналасқан елдімекен тұрғындарының басым бөлігі өкпе ауруларына шалдығатыны да бар. Ал сол қалдықтар қоры 60 млн шамды жағуға жетеді.
Биологиялық батареяларды барлық еліміз бойынша қолданысқа енгізілсе, экологиялық мәселенің ең болмаса бір түйіні шешілетінге ұқсайды. Бұған қоса биологиялық батареядан шыққан қалдықтарды ауыл шаруашылығына тыңайтқыш ретінде де қолдануға жарайды.
Билогиялық батареялар қондырғысының негізі авторы – Ілиястың әкесі. Бірақ ол жобаның тек теориясын жазған. 2015 жылдан бастап баласы әкесінің бастаған ісін тәжірибеге енгізді.
Жоба толығымен жергілікті және халықаралық мамандар мен профессорлардың сынақ-тексеруінен өткен. Өнертапқыш облыстық Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өткен байқауда топ жарып, грант иегері атанды. Одан алдын «Zhasproject» байқауына қатысып, 1 млн теңге алған. Бұл қаржыға Абай саябағында 20 бағана мен биологиялық батареялардың қуатына шақталған светодиодты шамдар орнатыпты. Бұл қазір жарыққа кететін шығынды 2,5 есеге азайтып отыр. Енді инвесторлар табылса, биологиялық батареяларды шамдарға орнатпақ.

Алматыда өткен TechGarden байқауында шетел инвесторлары қызығушылық танытып, биологиялық батареяны зерттеуге АҚШ-қа 12 аптаға акцелерацияға шақырды. Толық тексерістен өткен соң, өндірісті қолға аламыз деп отыр. Десе де, осындай пайдалы дүниені өз еліміздің азаматтары қолдаса, Елбасымыз айтқан «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамыған Қазақстан» болуға бір адым жақындар едік, – дейді Ілияс.
Ілияс пен жетекшілері алдағы уақытта батареялардың пайдалы әсер коэфициентін көтеруді жоспарлап отыр. Сол арқылы ноутбук және ұялы телефондарды арзан әрі кез-келген жерде қуаттауға мүмкіндік туғызбақ.

Әлия ӘДІЛБЕК