Шымкенттің әкімі мұғалімдердің жалақысын 50 пайызға көтеру қажеттігін айтты

517

Шымкентте мұғалімдердің тамыз конференциясы өтіп жатыр. Тамыз кеңесіне ұстаздар мен мектеп директорлары, білім беру ісінің басшылары, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың баяндамасы жиналған ұстаздар қауымын қанаттандырып тастады. «87,9 пайызға Шымкент балақайлары балабақшамен қамтылған. 10500 орынға жаңа қосымша  балабақшалар салу көзделуде.  2 млрд. 600 мың теңге бөлу көзделуде. 459 балабақшаның 300-ден астамы жекеменшік. Әдіскер, тәрбиешілердің біліктілік деңгейі артуы қажет. Балалар балабақшадан қайтқысы келмейтіндей жағдай жасауымыз қажет. Материалдық базасы  жаңартылып, барлық жағдай жасалуы керек. Б.Нарымбетов бастаған «Нұр отан » партиясының өкілдері мен депутаттар балабақшаларға арнайы тексеріс жүргізуі қажет. Жатын орын,  жейтін тамағының сапасы талапқа сай болуы керек» — деді қала әкімі Ғ.Әбдірахымов.

Шымкентте өткен оқу жылында 8 мыңнан астам оқушы мектептен түлеп ұшса, биыл 22000- нан аса бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Бала санының артуына байланысты қосымша жаңа мектеп салу мәселесі күн тәртібінен түспек емес.

«Жекеменшік мектептер салуды қолға алу керек. Осы жүйе бойынша оқушылардың да, мұғалімдердің де жағдайы дұрыс болар еді. Білім сапасы өз тексеру нәтижесінде 66 пайызды, министрлік жүргізген тексерістер нәтижесінде 37 пайызды құрапты. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін шетелде білім жетілдіруді қолға алу керек. Былтыр Шымкенттен Финляндияда 10 мұғалім білім алып келді. Бұл өте аз көрсеткіш. Мұғалімдердің ағылшын тілін меңгеруі қарқын алуы қажет. Компьютермен қамтамасыз етуде 13 балаға 1 компютерден келеді екен.

Мектеп асханаларындағы сапа мәселесі әкімдік пен «Нұр Отан» партиясының бақылауында болады. Электронды күнделік жүйесін енгізген мектептерде нәтиже оң болды. Балалардың сабаққа қатысуы мен үлгерімі артқан. Мұны жандандыру қажет.

Шымкентте 2018 жылдың басынан бері 12 суицид оқиғасы тіркеліп 7 — еуі өліммен аяқталған. Балалардың жанына үңіле түсіп, мектеп психологтарының біліктілігін арттыруға мән беру керек.

Шымкентте 12 мемлекеттік колледж бар. Оның 10-ы қалалық әкімдікке қарайды.  Сонымен қатар 24 жекеменшік колледж бар. Орта арнайы білім алып жатқан 47 мыңнан астам студент бар. Мұндағы жүйеге де түбегейлі өзгерістер керек, — деді қала әкімі.

«Мәселен, әрбір колледж түлегі жұмыспен бірден қамтылуы қажет. Дуалды оқытуды да жандандыру керек. Шетелдік әріптестермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс күшейтілуі керек»- деді Ғ.Әбдірахымов.

 

 

 

 

 

Шымкентте 178 мың мектеп оқушысы болса, 134 жалпы орта мектепте 15 мыңдай мұғалім сабақ береді. Тамыз конференциясында қала әкімінің мұғалімдердің жалақысын 50 пайызға дейін көтеру туралы сөзі жиналғандардың қошаметіне ие болды.

Сондай-ақ, мұғалімдерді баспанамен қамту мәселесі тамыз конференциясында тілге тиек етілді. «Тұрғынүйжинақбанкімен» мұғалімдерді үймен қамтамасыз ету үшін арнайы бағдарлама дайындау қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Ырзақұлұлына тапсырылды.

Жанар Есенбекова