Түркістан облысының әкімі ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға ЖОО-ға жолдама табыс етті

435

Түркістандық 39 түлек облыс әкімінің білім беру грантына ие болды. Осылайша облыс әкімі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бітірушілерге тегін білім гранттарын үлестірді. Өңір басшысы Жансейіт Түймебаев әрбір жолдаманы түлектерге ресми түрде табыстады.

Ал шекті ұпайды жинай алмаған тағы осындай 104 түлек қалаған мамандығы бойынша кәсіптік-техникалық оқу орындарында тегін білім ала алады. Сондай-ақ, жиында осы бітірушілерге жыл сайын тегін гранттар ұсынатын оқу орындарының басшылары алғыс хаттармен марапатталды.

Айталық, М. Әуезов атындағы ОҚМУ, облыстық педагогикалық университеті, Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті сынды 11 білім ошағы қолдау көрсеткен. Айта өтейік, биыл облысымызда ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балалардың 190-і тестілеуге қатысса, оның 86-ы шекті баллды жинаған. Аталған талапкерлердің 44-і мемлекеттік тапсырыс арқылы гранттарға ие болып, 3-і Қазақстанның басқа өңірлеріндегі оқуға түсіпті.

Айя Мүтәлі