Бауырлас Өзбекстан мемлекетінің астанасында Ұлы Абайдың туған күні тұңғыш рет кең ауқымда тойланып жатыр. Айтулы шараға Шығыс Қазақстан өңірінен облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова бастаған арнайы делегация қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өзбек елінде Абайды ұлықтау, оның әдеби мұрасын жұртқа насихаттау жұмыстары наурыз айында басталып кеткен екен. Оған қос мемлекет басшыларының өзара ынтымақтастықты дамыту жөніндегі келісімдері серпін берсе керек. Осы келісім аясында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев арнайы Қаулы қабылдаған.
Сол қаулы негізінде биыл Өзбекстан бойынша Абай жылы жарияланыпты. Ташкент төріндегі салтанатты шара Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаевтың, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетовтің, Өзбекстан Республикасының ұлтаралық қатынастар жөніндегі комитетінің төрағасы Рустам Курбановтың, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың қатысуымен өтті.
Ұзындығы 3 шақырымға жетеқабыл Абай көшесінің басында қасқайып Ұлы Абайдың ескерткіші тұр. Оның артында төбесіне көк күмбез төңкерілген Қазақстан елшілігінің еңселі ғимараты бар. Ташкенттіктер оны Өзбекстандағы ең үлкен елшілік ғимарат деп сипаттады бізге. Ескерткіш алдына ел таңғы сағат 8.00-ден жинала бастады. Арасында қазақша қауқылдасып жатқан қарттар да жетерлік. Абай тұлғасына тәу етуге келген қалың қауымға алғашқы лебізді Қазақстан елшісі білдірді.
«Биыл наурызда қабылданған Өзбекстан Президентінің Қаулысында Абай шығармашылығы Қазақстанмен қатар өзбек халқының да рухани дамуына зор ықпал еткені атап көрсетілген. Абай ескерткішінің алдында ақынның туған күні қарсаңында өлең оқу бұдан былай дәстүрге айналмақ», — деді Ерік Өтембаев.
Алтайдан арнайы барған Шығыс Қазақстан делегациясы ұлы ақынның Ташкенттегі оқырмандарына ерекше сыйлық ала барған. Ол — «Абай әлемі» сериясымен басылып жатқан 100 томдық топтаманың алғашқы бес кітабы. Аталмыш тартуды белгілі ғалым Араб Еспенбетов Өзбекстан жазушылар одағының ғимаратында өткен конференцияда табыс етті. Екі шарада да Семей қалалық тарихи-өлкетану музейі мен Облыстық әмбебап кітапхана қызметкерлері мазмұнды көрме ұсынды. Ташкенттің зиялы қауымын әсіресе ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында жарық көрген сирек кітаптар қызықтырды. Олардың арасында Абай көз майын тауысып оқыған ескі кітаптарды қолға алып, жақсы ырымға балағандар да болды
«Ташкент төріндегі тойға Ұлы Абайдың жерлес ұрпақтары ретінде қатысу — біз үшін үлкен абырой. Қазақтың бас ақынын осылайша ұлықтап жатқан бауырлас мемлекетке Бүкіл Шығыс Қазақстан халқының атынан алғыс айтамын. Ұлы Абайдың мұрасы өзі туған өңірде де кеңінен насихатталуда. Оның шығармасы бүгінде әлемнің 28 тіліне аударылды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың нұсқауымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да ұлы ақынның мұрасын түгендеуге көп септігін тигізуде. Биылғы жазда ғана 2000-нан астам мектеп оқушысы Ұлы Абай туған Жидебай өңіріне саяхат жасап, Абай әлемімен тыныстап қайтты.
Ал Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов тойға өлеңнен шашу шашты. Ташкенттегі қазақ жастары Абай мұрасынан кенде емес екендіктерін дәлелдеп, ақын өлеңдерін қос тілде жатқа оқыса, семейлік дәстүрлі әнші Берік Омаров Ташкент аспанын Абай әндеріне бөледі. Елшілік алдындағы шара ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен түйінделді. Ал Жазушылар одағының ғимаратындағы конференция әлі жалғасуда.