Улану оқиғасына себепкер мейрамхана жұмысын әлі де жалғастырып отыр

150

Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 11 адам астан уланып жеткізілді, деп хабарлаған болатынбыз. Оларға «өткір ішек инфекциясы» диагнозы қойылған. Барлығы қаладағы мейрамханалардың бірінде құдалықта болған екен. Бірақ мейрамхана иесі қонақтардың «өз үйінде улануы да мүмкін» деп отыр.

Тамақтан уланғандар қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жаппай бір уақытта түскен. Барлығының диагнозы бір. Тамақтан уланған. Бір күн алдын қонақтап, құдалыққа барғандар аурухана төсегінен бір-ақ шықты. Қазір науқастардың жағдайы тұрақты. Тілшілермен тілдесуге де тырысты.

“Сағат 19:30-да ауырлықты сезіне бастадық мазасызданып, үйге келіп жедел жәрдем шақырттық. Неден болғанын білмейміз. Балық жедік, қымыз іштік. «Қайтпас-2» шағынауданындағы мейрамханада болды” дейді аурухана төсегіне таңылғандар.

«Қайтпас 2» шағынауданында орналасқан мейрамхана иесімен тілдесуге де бардық. Кәсіпкердің болған жағдайдан есеңгіреп қалғаны көрініп-ақ тұр. Бірақ мейрамхананың әлі күнге дейін қонақтарды қабылдап жатқанын айтып қалды. “Арнайы тағайындалған сараптаманың шешімін күтемін”, дейді мейрамхана егесі. Құдалық жиынында сол күні уланғандармен қоса барлығы 48 адам болған.

Ауруханаға түскен азаматтар мәселесі бойынша Шымкент қаласы, Әл Фараби аудандық полиция бөлімінде іс қозғалған. Бұл іс «Санитарлық ережелер мен гигиеналық талаптарды бұзу» бабы бойынша тіркелді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Науқастардың нақты неден уланғаны белгісіз. Бұл сауалға соңғы нүктені сарапшылар қояды. Бүгін белгілі болғанындай, ауруханаға түскен 11 науқастың бірі ем-домын алып, үйіне қайтарылған.

Ернар Балабеков