Кентауда дәмханадағы астан 58 адам уланып қалды

39
фото Бақ.кз

Кентаудағы дәмханалардың бірінде тамақтан уланған 58 адам тіркелді. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі –Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жаппай улану дерегі тіркелді. Қазіргі кезде 58 адам шағымданған. Олардың барлығы «Ризық Раяна» тағамдарын алғанын айтып отыр. Жоспардан тыс тексеру басталып, нысанның қызметі уақытша тоқтатылды, қылмыстық іс қозғалды», – деді А. Есмағамбетова ҚазАқпарат сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, зертханаға тиісті сынамалар жеткізілген. Тексеруге облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мамандары жұмылдырылды.

Түркістан облысының Кентау қаласында дәмханадағы астан адамдар уланғаны жайлы мәлімет 27 маусым күні тіркелген. Қалалық ауруханада 39 адам жатыр (14 жасқа дейінгі балалар саны – 21, ересектер – 18), қалған 19 адам амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жатыр.