Сенаторлыққа 8 шымкенттік үміткер ұсынылды

397

Қала тарихында алғаш рет Шымкент шаһарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына депутат сайланады. Сенаторлыққа үміткер 8 шымкенттіктің екеуін жергілікті мәслихат ұсынса, тағы 6-ы өзін-өзі ұсынып отыр.

Сайлау – 5-қазан күні өтеді. Шымкент қаласы сайлау комиссиясының төрағасы Марс Елекеевтің мәлімдеуінше, үміткерлерді тіркеу 4-қыркүйек күні сағат 18:00-де аяқталған.

– Республикалық маңызға ие болған Шымкент қаласының мәслихаты Нұрлан Бекназаров пен Дархан Сатыбалдыны ұсынғаны белгілі. Ал өзін-өзі ұсынған үміткерлер қатарында Ғалымжан Майханов, Владимир Доронин, Бижан Жылкелдиев, Асқарбек Үркімбаев, Серік Алданов, Ғани Қарабеков есімді азаматтар бар. Шымкент қаласы сайлау комиссиясы Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттардың ҚР Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңында қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтады, – деді ол.

Үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 15- қыркүйек – 4-қазан аралығында жалғасады. Ал сайлау қорытындысына сәйкес, елімізде Парламент Сенатының депутаттары тағы екеуге артады және олардың өкілеттік мерзімі 2014 және 2017 жылдары республиканың басқа өңірлерінен сайланған депутаттардың өкілеттік мерзімімен бірдей болады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі