Шымкент республикалық мәртебе алғалы ауызсу мәселесі шешіліп келеді. Бүгінгі таңда «Достық» шағынауданынан “Қызылжарға” құбыр тартылып жатыр. Ұзындығы 17 шақырым су магистралының құрылысы аяқталуға жақын. Нәтижесінде алдағы жылдары 60-70 мың тұтынушы таза су ішуге мүмкіндік алады.
«Достық» шағынауданынан тартылып жатқан су құбырының құрылыс жұмыстары аяқталса, Кеңес одағы тұсынан бері тіршілік нәрі ауызсудың азабын тартқан тұрғындар қарық болады. Әсіресе, “Қызылжар” елді мекеніне жеткізу міндеті тұр. Қызу жұмысқа кіріскен мердігерлер жоспарланған 17 шақырым құбырдың 15 шақырымын төсеп үлгеріпті. Сала мамандарының айтуынша, алдағы жылғы жұмыстар да ауқымды болмақ.
Сала мамандарының айтуынша, нәтижесінде жылдар бойы ауызсу тапшылығын тартқан 60 мың тұрғын сапалы ауыз су ішеді. Құны 1 млрд. 400 млн. теңгеге бағаланған бұл магистралдан 7 елді мекенге орам ішілік су көзі тартылады.
Оның жобалық құжаттары 2019 жылы дайын болады. Осы бағдарлама аяқталған жағдайда Шымкент қаласының тұрғындарын таза сумен қамтамасыз ету пайызы өседі.
Бүгінгі таңда “Қызылжар” елді мекенінде екі мыңнан аса жеке тұрғын үй бар. Ол дегеніңіз 9 мыңнан астам тұтынушы. Олар жағымды жаңалықты естіп қуануда, Енді тілектері жоспар созылмай дер кезінде, әрі сапалы аяқталса дейді.
Нұрлан Күдерұлы