Ауылға газ құбыры тартылғанымен, көгілдір отын әлі күнге дейін берілмеген

145

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы Қызылжар ауылына үш жыл бұрын газ құбыры тартылғанымен, тұрғын үйлерге бүгінге дейін көгілдір отын берілмеген. Ауыл халқы көмірге деп сақтаған қаражатын мердігерге төлеп тастапты. Алайда, қыс бойы тағы отын мен көмір тасып шыққан.

Сарыағаш ауданына қарасты Қызылжар ауылының 400-ге жуық тұрғыны жергілікті әкімдік «көгілдір отын кіргіземіз» деп, жыл сайын уәдені үйіп-төгетінін айтады. Тіпті, арасында олардың «отын мен көмір алмаңдар» деген сөздеріне сеніп, қамданбағандар да бар екен. Алайда қыс түскен кезде қайтадан қымбатқа көмір алып, отын тасып әлекке түсеміз дейді.

Оралбай Тойлыбаев, Қызылжар ауылының тұрғыны: «Бізге мынау уәдені өлтіріп береді, жағамыз жағамыз деп. Алдыңғы әкім желтоқсанда береміз деген алдыңғы жылы. Мынаусы биыл желтоқсанда деді. Білмеймін сол жылын сұрап алу керек еді қайсы желтоқсан екенін. Таусылмайтын желтоқсан, қайтып күн көреді бәрі қиналып кетті. Жас баласы барлар қайтып жылытады».

Құрбанкүл Дүйсембиева, Қызылжар ауылының тұрғыны: «Осы үшінші жыл газ кіргіземіз деді. Жердің астымен кіргіземіз деп жөндеген жолдың быт-шытын шығарып, енді ешнәрсе жоқ. Не су жоқ, не газ жоқ. Ақшаны алып қойған, жекеменшік дейді айтсақ. Біздің күшіміз жетпейді, дейді».

Көгілдір отынға қолы жетпегендер әр қыста от жағып күнелтіп келеді. Ауыл тұрғыны Гүлзира Тұранқұлова жиырма жылдан бері үйге көмір тасып, күл шығарудан әбден шаршағанын айтады.

Гүлзира Тұранқұлова, Қызылжар ауылының тұрғыны: «Былтыр аудан әкіміне барғанбыз. Аудан әкімі болды, қол қойылды деп шығарып салған. Оның өзіне бір жыл өтіп бара жатыр. Кешегіде әкімнің алдына барсақ, қайда барсаң, сонда бар деді».

Ал, ауыл әкімі қызметке келгеніме жеті айдың жүзі енді болды деп ақталып отыр. Бірақ, Қызылжарға көгілдір отын беру жұмыстары жүргізіліп жатыр дейді ол.

Әбдіжаппар Рахымбердиев, Қызылжар ауылының әкімі: «КазТрансГазАймақ» филиалы бізге әр үйге счет ашып беруі керек. Сол облыстан барып ашылады. 27 үйге газ кіргізсек, қалғанының барлығы түгел кіреді. Биыл жарты жыл ішінде барлық үйді газдандырып тастаймыз».

Ауыл тұрғындарымен кездесуге келген салаға жауапты мамандар елдімекенге газ беру былтыр енгізілген мораторийге байланысты тоқтап қалғанын жеткізді. Ал жыл басынан бері бұл мораторий алынып тасталып, «ҚазТрансГазАймақ» мекемесі тарапынан құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.

«Жоғарыға шығарып, газопроводты тартып алып келсеңіздер болады егер ақшамен істеймін десеңіздер. Мемлекет тарапынан істелінгеннен кейін барлығы өзінің кезең кезеңімен істелінеді. Заң деген нәрсе бар. Заңға сәйкес істелінеді».

Жауаптылардың айтқаны рас болса, жазға дейін көгілдір отынның мәселесі шешімін табуы мүмкін.

Гүлдана Дәурен