Ұялы байланыс антенналары денсаулыққа қауіпті ме?

378
inform.kz

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәдуақас Байғабылов көпқабатты үйлер шатырларына ұялы байланыс антенналарының орнатылуына қатысты елорда тұрғындарының шағымдарына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Kcell, ALTEL, Beeline және басқа да ұялы байланыс операторларының құрылғыларынан электромагниттік сәулелердің бөлінуіне үнемі мониторинг жүргізіп келеді. Үздіксіз тұрақты сигналды қамтамасыз ету үшін ұялы байланыс операторлары жабдықтарды көп жағдайда халық ең шоғырланған жерлерде, соның ішінде ғимараттардың шатырына да орнатып жатады.

Сәдуақас Байғабылов атап өткендей, ұялы байланыс антенналары санитарлық аумақ сақталмай орнатылған жағдайда, адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін.

«Мұның соңы бас ауруы, жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларына және гормоналды өзгерістерге де әкеп соғуы ықтимал. Балабақша, мектеп және интернат ғимараттарына антенналарды орналастыруға рұқсат берілмейді. Ал тұрғын үй және әкімшілік ғимараттардың шатырларына 100 Вт-тан астам қуаты бар таратушы антенналарды орналастыруға тыйым салынған. Өткен жылы елорда тұрғындарынан ұялы байланыс компанияларының антенналарының жұмысына қатысты 6 өтініш келіп түсті. Тексеру нәтижесінде ұялы байланыстың 17 антеннасы алынып тасталды», — дейді Сәдуақас Байғабылов.

Департаменттен мәлім еткендей, 2018 жылы ұялы байланыстың таратушы құрылғыларынан бөлінген электромагниттік сәулелерге 1557 өлшем жүргізілген.  Олардың барлығында да нормадан ауытқушылық  анықталмаған.

«Дегенмен, электромагниттік сәуле таратудың рұқсат етілген деңгейі асырылған және рұқсат құжаттарының жоқтығы расталған жағдайда әкімшілік айыппұл салу және азаматтардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін жабдықты алып тастау бойынша шаралар қабылданатын болады», — делінген ведомство ақпаратында.