Келер жылы Шымкентте 42 тұрғын үй, 10 мектеп пайдалануға беріледі

376

Бұл туралы қала мәслихатының тұрақты комиссиялары бірлескен отырысында айтылды. 6-шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының әлеуметтік саланы дамыту, жергілікті өзін-өзі басқару және заңдылықты сақтау мәселелері бойынша тұрақты комиссиялары бірлескен отырысы өтті.

Комиссия отырысына қала мәслихатының хатшысы, депутаттары, аудан әкімі орынбасарлары мен басқарма басшылары қатысып, 42 сессияның күн тәртібіндегі мәселелер қаралды.

Жиында бірінші болып 2019-2021 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджетін бекіту туралы сөз болды. Сонымен қатар, депутаттар әлеуметтік саланы дамыту мәселесі бойынша тұрақты комиссия, қалалық атқарушы органдармен бірлесіп, әлеуметтік көмек көрсетудің, оның ішінде мүгедектерді тасымалдау жұмысын күшейтуді, медицина саласын дамытуды, тұрғындар мен балаларға арналаған спорт, ойын алаңшалары мәселесіне тоқталып, жауаптылардың жұмыс жоспарын тыңдады.

Күн тәртібінің келесі мәселелері бойынша Шымкент қаласы ауылшаруашылығы және ветеринария, құрылыс басқарма басшылары атқарылған жұмыстары туралы есеп берді.

Мамандардың айтуынша, келесі жылы қалаға 70 спорт алаңшалары салынып, заманауи жаттығу құрылғыларымен жабдықталмақ. Сондай-ақ, алдағы жылы жаңа емханалар тұрғызылып, қаламыздағы ескі ауруханалар күрделі жөндеуден өтеді. Құрылыс басқармасының жоспары бойынша, 2019 жылы жалпы 68 нысан қолданысқа берілуі тиіс. Оның ішінде 42-сі тұрғын үй, 10 мектеп салынса, құрылысы басталып кеткен 4 білім ғимараты келесі жылы іске қосылып, балалар мен ұстаздар игілігіне берілмек.

Ал, ауылшаруашылығы және ветеринария басқарма мамандары алдағы жылы жаппай заңсыз мал сату орындары мен қаңғыбас ит-мысықпен күреспек. Оған қоса депуттар шаһарымызға келетін ет өнімдерінің сапасын бақылауды да қолға алуды ұсынды.
Қорытындылай келе, құзыретті органдардың есептерін тыңдаған халық қалаулылары аталған басқарма басшыларына алдағы атқарылар ауқымды істерге сәттілік тілеп, тиімді қызметті қамтамасыз етуін, бюджет қаражатының уақытылы әрі сапалы игерілуін тапсырды