Төлеби ауданындағы «Алатау» шаңғы базасында «Тау самалы – Жан самалы» атты шаңғы фестивалі өтті. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен биыл 1-ші рет Төлеби ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізіліп отырған шараға Түркістан облысының басшылығы, жергілікті мемлекеттік құрылымдардың, кәсіпорындардың қызметкерлері, облыс тұрғындары қатысты.
Шаңғы фестивалін облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы құттықтау сөзімен ашып, спорт саласында елеулі нәтижелерге жеткен бірқатар спортшыларды және «Таңғажайып Түркістан» байқауының қатысушыларын марапаттап, сыйлықтарын үлестірді.
Одан әрі жас суретшілердің салған тау пейзаждары көрермен назарына ұсынып, жасөспірімдер хоккей ойынындағы және мәнерлеп сырғанаудағы шеберліктерімен дүйім жұртты тәнті етті. Кәсіби шаңғышылардың таудан көркем сырғанау қойылымы қойылды. Танымал өнер жұлдыздары арнайы ұйымдастырылған концертте өнер көрсетті. Концерттен соң жаппай халықтық серуен басталып, ерікті шаңғышылар сырғанап, аспалы арқан жолмен тау баурайын аралап, сейіл құрды.
Сонымен қатар, фестиваль барысында қазақ халқының аңшылық өнері насихатталды. Қонақтар жеті қазынаға кіретін қыран бүркіт, ұшқыр тазылармен қатар тұрып жарыса селфиге түсіп жатты.
Тау спортымен және жалпы бұқаралық спорт түрлерімен айналысуды насихаттауға бағытталған мұндай шаралар алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізілетін болады.
Бәрінен де қызығы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев тау баурайында шаңғымен сырғанап, көпшілікті тәнті етті. Бірнеше рет сырғанағаннан кейін облыс басшысы өзінің орынбасарлары мен аудан әкімі және депутаттарды шаңғы тебуге шақырды. Алайда бірі шаңғы алып келмегендерін, енді бірі арнайы киім алмағанын айтып ақталды.
Ал облыс әкімі шаңғыны жалға алыпты. Ресми киімін шаңғы тебуге арналған арнайы киімге ауыстырған. Шаңғышылардың киімін әдейі алып келіпті. «Спортпен ұдайы шұғылдану керек. Арнайы жасалған аумақ қандай керемет. Шаңғы тебуге шақырып тұрғандай. Аздаған тәжірибем бар. Жұмысбастылықтан қол тие бермейді. Бірақ арнайы уақыт бөліп тұруға тырысамын. Барлықтарыңызды шаңғы тебуге шақырамын» деді облыс әкімі. Облыс тізгінгері биік таудың баурайынан бірнеше мәрте сырғанап түсті.