Úı ANONS 36 мыңға жуық жұмыс орны ашылады

36 мыңға жуық жұмыс орны ашылады

Түркістан облысында биыл 74 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның басым бөлігі – тұрақты жұмыс орындары. Бүгінге дейін бұл жоспардың жартысына жуығы орындалып, өңірде 36 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Дегенмен, бірқатар тұрақты жұмыс орындары әлі де бос тұр. Облыс әкімдігінде өткен мәжілісте жұмыспен қамту көрсеткіштерін сапалы орындау, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы жүзеге асыру арқылы тұрақты жұмыс орындарын арттыру мәселесі қаралды. Сонымен қатар, бірқатар аудан-қалаларда көрсеткіштерді жақсарту қажеттігі айтылды.

Биыл Түркістан облысында 74 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 54 мыңнан астамы – тұрақты, қалғаны уақытша жұмыс орындары. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте айтылды. Ресми мәліметке сәйкес, жоспарланған жұмыстың жартысына жуығы орындалған. Яғни, бүгінге дейін 36 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Дегенмен, 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны әлі бос тұр.

Мәжілісте облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне жұмыспен қамту көрсеткіштерін сапалы орындауды тапсырды. Сондай-ақ ол инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы жүзеге асырып, тұрақты жұмыс орындарын арттыру қажеттігін атап өтті.

Нұралхан Көшеров бұл салада кемшілікке жол берген аудан, қала әкімдері мен басқарма басшысына сын-ескертпе айтты. Тәуекел аймақтардағы көрсеткіштерді жақсартуды және әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігін арттыруды жүктеді. Сондай-ақ өз міндетін тиісінше орындамаған басшылар жауапкершіліктен тыс қалмайтынын ескертті.

Дилара Иса