Түркістан облысында 863 жас маман ауылдық жерлерге жұмысқа орналасты

269

Түркістан облысы «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асыруда көш бастап тұр. Өткен жылы өңірде 700-ге жуық жас маман ауылдық жерлерге барып, жұмысқа орналасқан. Биыл қызметке кіріскен 863 маманның 314-і баспаналы болды, деп хабарлайды 24 агенттігі.

Кентау ауданында да осы жоба аясында жұмысқа тұрып, тіршілігін түзеген жастар аз емес. Сонымен қатар, аудандағы жастар орталығы да жастарға бағыт-бағдар беріп отырады. Бұл – Байылдыр ауылдық округінің мәдениет үйі. Клуб меңгерушісі Гүлнұр Дүйсенбиева ауыл балаларына сахнада өнер көрсетудің қыр-сырын үйретіп жатыр. Жас маман –  Отырар ауданының тумасы. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін актерлік өнер мамандығы бойынша бітірген. Жолдасы екеуі «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен осында келіп жұмысқа орналасыпты. Қазір екі баланың анасы өз жұмысына дән риза.

«Құдайға шүкір, баспанам бар, жұмысым бар. Ауылдағы жас бүлдіршіндерге сабақ беремін. Өзіме осы жұмысым ұнайды. Осы бағдарламаның шыққанына үлкен рақмет айтамын. Жастарға айтарым, қолдарына дипломдарын алса, мен сияқты ауылға келіп жұмыс істесін, мен сияқты баспаналы болсын», – дейді Байылдыр ауылдық округінің тұрғыны Гүлнұр Дүйсенбиева.

Бүгінде Кентау қалалық Жастар орталығы жастардың жиі бас қосатын орнына айналған. Мұнда Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жастарға кеңінен насихаттау мақсатында «электронды үкімет» жүйесі енгізілген. Жастар өздеріне қажетті барлық ақпаратты осы жерден келіп алады.

Жалпы, орталықта жастарға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, белгілі кәсіпкерлердің қатысуымен жастарды кәсіпкерлікке баулып, кепілсіз несие беруге бағытталған түрлі семинар-тренингтер өтіп тұрады. Сонымен қатар жастарды солтүстікке қоныс аударып, сонда қалып жұмыс істеуге насихаттайтын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

«Бүгінгі таңда жастарға не қажет? Ол – жастар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында бос уақытын қалай өткізеді, соған жастарды бейімдеу. Екіншісі, біздің мемлекеттік бағдарламамыз бар, яғни жастар көбіне тұрғын үй, қолжетімді баспана, «Дипломмен ауылға», «Серпін» бағдарламасына қатысты кеңес береміз. Тоғызқұмалақ үйірмелері, ұлттық құндылықтар, ұлттық ойындарымызды қайта жаңғырту мақсатында түрлі үйірмелер жұмыс істейді», – дейді Кентау қалалық жастар орталығының жетекшісі Қанат Бекметов.

Сондай-ақ, алдағы 2019 жыл – Жастар жылы болғандықтан, оларды жұмыспен қамтып, сапалы білім алуына бағытталған кешенді жұмыс жоспары бекітілген. Қала әкімінің қолдауымен спорт алаңдары да ашылған. Жалпы, Түркістан облысында бес жүз мыңнан аса жас бар. Бұл – облыс халқының 26 пайызы. «Серпін-2050» жобасы аясында 1 589 жас солтүстік өңірлерде білім алып жатыр.