Туған анасы мен әйелін пышақтап өлтірген жігіттің психикалық ауытқуы бар екендігі мәлім болды

342

Түркістан облысы Ордабасы ауданында туған анасы мен әйелін өлтірген ер адамға қатысты сот шешімі шықты. Арнайы тағайындалған  сот медициналық сараптама қорытындысы бойынша ең жақындарын өз қолымен өлтірген 28 жастағы жігіттің психикалық ауытқуы бар екендігі белгілі болды.

Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының шешімімен сотталушыны медициналық емдеу мекемесінде мәжбүрлеп емделетін болды.

Еске сала кетейік, жұрттың жағасын ұстатып, төбесіне жай түсірген қайғылы жағдай Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбарсу аылында 2018 жылдың 23 ақпаны күні болған еді. 28 -дегі жігіт 23 жастағы аяғы ауыр әйелін пышақтап өлтірген, тоқтатпақ болған 52 жастағы анасын да сойып салған.

Арашаға келген әкесіне де пышақ ала жүгірген. Әкесін көршілері амалдап, көмекке кеп аман алып қалған. Жын ұрған жігітті аяқ қолын байлап полицияға табыстаған. Анасы мен әйелі де жедел жәрдем қызметкерлері келгенше көз жұмған. Отбасында бір жасар немересі қалған.

Жанар Есенбекова