Úı ANONS Сауранда шеге шығарылады

Сауранда шеге шығарылады

фото ТОӘБҚ
Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылында жеке кәсіпкер Таджиддин Нурметов шеге шығару өндірісін сәтті жүзеге асыруда. Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көрген кәсіпкер өндіріс көлемін ұлғайтып, жергілікті нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету бағытында талмай еңбек етіп келеді.
Кәсіпкер бағдарлама аясында «Ырыс» МҚҰ-нан жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 9 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, қаражатты өндіріс орнына қажетті заманауи құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсаған. Бүгінде цехта құрылыс саласында кеңінен қолданылатын шегенің 20 түрі шығарылады.
Өндірілген өнім Түркістан облысының бірнеше аудандары мен қалаларына жөнелтіліп, тұтынушылар сұранысын қанағаттандыруда. Қазіргі таңда өндірілген өнімге тапсырыс көлемі артып келеді. Кәсіпкер бұл істің отбасылық бизнеске айналғанын айтады. Өндіріс жұмысына ұлдары да белсенді түрде қатысып, кәсіптің дамуына өз үлесін қосуда.
Кей кездері сұраныстың көптігінен барлық тапсырысты уақтылы орындау қиынға соғатын жағдайлар да кездеседі. Осыған байланысты кәсіпкер өндірістік қуатты арттыру мәселесін қарастырып, құрылыс компаниялары мен түрлі фирмалармен ұзақ мерзімді әріптестік орнатуды жоспарлап отыр.
Мемлекет қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті экономиканың дамуына оң әсерін тигізуде. Осындай жобалардың бірі саналатын шағын цех жұмысы ауыл кәсіпкерлігінің табысты үлгісіне айналған.