Шымкентте «Мама Про» қоры ұйымдастырған «Қамқорлық экономикасы» форумы өтті. Іс-шара қатысушыларды тек ақпаратпен емес, эмоциямен де баурап алды. Бизнес өкілдері өздерінің алғашқы қадамдарындағы қиындықтар мен жетістіктерін ашық айтса, мемлекеттік құрылымдар нақты қолдау құралдарын түсіндірді. Осылайша форум тәжірибе алмасу мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан маңызды алаңға айналды.
Бұл жиын барысында қатысушылар ақпарат алмасып қана қоймай, көз жасын төгіп те, әзіл айтып күліп те алды. Шымкентте «Мама Про» қоры ұйымдастырған «Қамқорлық экономикасы» форумы осындай атмосферада өтті.
Бұл жоба — мемлекет пен ірі бизнестің, сондай-ақ жеке бастаманың тоғысуы арқылы ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды алаңға айналды. Оның құрылу тарихы мен жеткен жетістіктері туралы ұйымдастырушылар айтып берді.
АЙЖАН ӘЛЖАНОВA, «МАМАПРО» ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Бүгінгі форум аясында жүзеге асырылған жобаның қорытындысы шығарылды. Жоба шеңберінде Қазақстанның Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ерекше бала тәрбиелеп отырған 60 ата-анаға кәсіпкерлік негіздері оқытылды. Сонымен қатар Шымкент қаласында 45 әйелге қаржылық сауаттылық курстары өткізілді. «Қамқорлық экономикасы» жобасының мақсаты — ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылардың экономикалық мүмкіндіктерін арттыру. Жобаны Freedom Bank қолдады. Жоба аясында қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізу бойынша әдістемелік құрал әзірленіп, сондай-ақ «MamoPro» қоры түлектерінің қатысуымен подкасттар сериясы шығарылды»
Форумда отандық бизнес өкілдері мен жергілікті сарапшылар жоғары мотивациялық орта қалыптастырды. Олар қатысушыларға кәсіп бастауға арналған кеңестер ұсынды. Ал мемлекеттік органдар мен «AMANAT» партиясы әлеуметтік қолдау мен даму мүмкіндіктерін кеңінен таныстырды. Осылайша бұл алаң бизнес пен биліктің бірлескен жұмысы арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отырғанын көрсетті.
АЛИНА ДУБИНИНА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Мұндай форумдарды жиі өткізіп, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларды көбірек тарту маңызды. Бұл қолдау мен даму алаңы. «Мама ПРО» қорының мақсаты — әлеуметтік тәуелділіктен экономикалық дербестікке өтуге көмектесу»
Бұл бастама бүгіннің өзінде жемісін беріп отыр. Кеше ғана көмекке мұқтаж болған әйелдер енді өз ішкі күшін тауып, қорқыныштан арылып, жаңа өмірге қадам басқан. Осылайша «МАМАПРО» қоры қоғам біріге алса, «қамқорлық» сөзі тең мүмкіндік пен үлкен үміттің бейнесіне айналатынын дәлелдеді.
Лаура Бабас






