Аяқ-қолыңызды сақтаңыз

560

Қыс мезгілінде жазатайым сүрініп кетіп, құлап, жарақат алғандар көп. Олардың қатарын жаңажылдық кештен, мерекелік отырыстан қайтқандар толықтыратыны сөзсіз. Себебі, түнгі аяз жердің бетін қатырып тастайды. Көтеріңкі көңіл-күйде келе жатып аяқ астына қарайламайтынымыз тағы бар. Нәтижесінде, оңбай құлап, жарақат аламыз. Мәселен, қар түсіп, жердің бетін мұз жапқалы Шымкент қалалық №3 ауруханасының №2 жарақат бөліміне бір күнде 30 адам келіп түскен. Бұл жылдың өзге мезгілдерімен салыстарғанда 15-20 адамға көп. №2 жарақат бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Үсен Айбазұлының айтуынша, жарақат алып дәрігердің көмегіне жүгінгендердің басым көпшілігі асығып жүріп құлаған.

— Қыс түскелі жарақаттанғандар көбейді. Бірі — көшеде, енді бірі ғимараттардың алдындағы баспалдақтан, енді бірі – көлікке ілігем деп ұмтылып құлаған. Арасында шатырдан түскен қардан, мұздан зардап шеккендер де бар. Мәшине соғып жарақат алғандар да жоқ емес. Мәселен, тайып құлап жарақат алған науқастардың 80 пайызының қолы, алақаны, білезік тұсы, иығы, буыны сынған немесе шыққан. Ал қалғандарының жамбас бөлігімен аяқ сүйегі зақымданған. Біз осында түскендердің жарасын таңып, гипстеп, күрделілігіне қарай ауруханаға жатқызу керек болса, жатқызамыз. Ауруы жеңіл болса, ем-домын белгілеп, үйіне шығарып саламыз. Тәжірибе көрсеткендей бұл науқастардың көпшілігі асығыстық танытып, аяқ астына қарамаған болып шығады,-дейді Үсен Даутов.
Қалада жарақат алғандарға көмек беретін екі бекет жұмыс істейді. Ал балаларды «Асар» шағынауданындағы балалар ауруханасы қабылдайды. Осы тұста ескеретін жайт, егер баланың иықтан жоғары яғни, бас тұсы жарақат алса онда ондай науқасты «Нұрсәт» шағынауданындағы облыстық балалар ауруханасына алып бару керек. Ал иықтан төменгі дене мүшелерінің жарақатын қалалық ауруханадағы дәрігерлер жазып береді.
Аяқ астынан аяқ-қолы сынып, сіңірі созылып, не буындары орнынан тайғанды адамның бейнеті деп айтқанмен, соққының қатты болуына өзіміз де кінәліміз.
Сондықтан да маман осынға «ыңғайсыз» жағдайға тап болмас үшін оқырмандарымызға төмендегідей кеңес берді.
1. Қыста аяқ киімді жаңалаған жөн. Себебі, табаны желінген аяқ киімдер тайғанақ келеді. Бұдан бөлек өкшесі биік емес, табаны қалың әрі бұдырлы аяқ киімді кигеніңіз жөн.
2. Жол ережесін сақтау. Қыста көліктің тежелуі 15-20 есеге ұзарады. Сондықтан да жолдан өтерде аса мұқият болған жөн. Кез келген жерде көшені қиып өтуге болмайды. Әйтпесе, көліктің астына түсуіңіз мүмкін.
3. Көшеде жүргенде жерді нық басып, қолыңызды қалтаға салмай, тепе-теңдікті сақтаған дұрыс. Сондай-ақ, қолыңызға қолғап киіңіз. Қолғап соққының күшін төмендетеді.
4. Мұзды жерді айналып өтуге тырысыңыз.
5. Биік ғимараттарды, үйлерді айналып жүріңіз. Әйтпесе, шатырдағы мұз немесе үйілген қар басыңызға түсуі мүмкін.
Дегенмен, абайсыздан құлап қалсаңыз, құлаудың үш түрінің зардабы болмайтынын білген артық етпес. Олар – ішпен түсу, бір бүйірлеп құлау және арқасымен жығылу. Барлық жағдайда сіздің дұрыс шешім қабылдауыңызға небәрі үш секунд қажет. Яғни, қас-қағым сәтте қол-аяғыңызды жинап, басыңызды қалқалап үлгеруіңіз керек. Егер қолыңызда ауыр сөмке болса, лақтырып жіберіңіз. Өкінішке қарай, көп жағдайда өзімізді емес, қолымыздағы сөмкені ойлап, зақым алып жататынымыз бар.
Ақыры құлаған екенсіз, онда орныңыздан тез тұрып кетуге асықпаңыз. Ауыр жарақат алмағаныңызға көзіңізді жеткізіңіз. Жедел жәрдем шақыртып, дәрігер көмегіне жүгініңіз.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті, №52, 26 желтоқсан 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті