Түркістандағы әкімшілік ғимаратының құрылысы жыл соңында пайдалануға берілмек

261

Түркістан қаласындағы әкімшілік іскерлік орталығының құрылыс жұмыстары басталды. Жаңадан бой көтеретін нысандардың жобасымен танысып шыққан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, жауаптыларға құрылысты қарқындатуды тапсырды.

Әкімшілік, басқармалар және департаменттер ғимараттарының құрылысын «BI Group» ЖШС жүргізуде. Бүгінде қазаншұңқыр қазылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Жоспар бойынша нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Сонымен қатар, Астана қаласының әкімдігінің тапсырысы бойынша «Астана» алаңы, Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысымен медиаорталық, және «Самұрық қазына» АҚ тапсырысымен конгресс-центр және оқушылар сарайы ғимараттарының да құрылысы басталды.

Одан бөлек, алдағы уақытта «ҰӘҚ Самұрық қазына» АҚ тапсырысымен 7 мың орындық стадион мен Шымкент қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының құрылысын бастау көзделуде.

Сондай-ақ, Түркістан қаласының рухани-мәдени аймағында «ҰӘҚ Самұрық қазына» АҚ тапсырысымен Қожа Ахмет Яссауи мұражайы нысанының құрылысы басталды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі