Түркістан қаласында биылғы жылу маусымы қазанның 25–26 күндері ресми түрде басталды. «Жылу» МКК басшылығы 2025–2026 жылдардағы маусымда шаһарды жылумен қамтамасыз ету жұмыстары толық жолға қойылғанын мәлімдеді. Қаладағы жылу жүйесін 18 модульдік қазандық басқарады. Егер кез келген нысанда ақау орын алса, мәселе дереу қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссияда қаралып, бекітілген төрт жедел топ оны қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады.
Түркістандықтар облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін инфрақұрылымның жақсарып, жылу жүйесінің тұрақтанғанын айтады. Тұрғындардың сөзінше, табиғи газдың берілуі қыстағы тұрмыс сапасын айтарлықтай жеңілдеткен.
«Үйімізге 2020 жылы ақпанда табиғи газ берілді. Жақсы болып қалды. Көпқабатты үйлерге де беріліпті ғой».
Дегенмен, кей тұрғындар биыл жылудың беріліп басталуы біраз кешігіп, алғашқы күндері үйде салқын болғанын айтады.
«Жылуды кешіктіріп берді ғой. 25–26 қазанда берді. Оған дейін тоңдық балаларымыз ауырып, кейін күн жылып кетті. Әйтеуір қазір жақсы. Суып кетсе бермейді, кейін береді».
«Жылу» МКК директорының мәліметінше, қалада 223 көпқабатты тұрғын үй, 97 коммуналдық нысан және 14 бюджеттік мекеме орталықтандырылған жылумен қамтылып отыр. Барлық 18 модульдік қазандық 2020 жылы іске қосылған. Қазандықтар тәулік бойы жұмыс істеп, қажетті температураны сақтауды қамтамасыз етеді. Жылу жүйесінде қандай да бір ақау туындаса, әкімдік жанынан құрылған комиссия шешім қабылдап, арнайы жасақталған төрт топ мәселені жедел түрде шешуге шығады.
ЕРҒАЗЫ РЫСБЕКОВ, «ЖЫЛУ» МКК директоры: «Комиссия құрылған. Әкімдіктің жанынан. Өтініш түссе кезекшілік бар 4 топ ақауларды ретке келтіреді».
Бұдан бөлек, қалада «109 Айкөмек» орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Тұрғындар жылу маусымы барысында туындаған кез келген сұрақ немесе шағым бойынша орталыққа тікелей хабарласа алады. Мамандар өтініштерді қабылдап, жауапты қызметтерге дереу жолдайды.
Шынар Оразова






