Шымкенттіктер Павлодар облысына шақырту алды

334

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы өз жұмысын жалғастыруда. Бұл жолы шырайлы шаһар халқымен Баянауыл ауданынан келген әкімшілік кездесті. Айтуларынша, жер ауыстырған жандарға жақсы жағдай жасалмақ.

Гүлжамал Жүнісбекова павлодарлық қонақтармен кездесу үшін әкімдікке арнайы келген. Қазығұрт шағынауданының төрайымы қазіргі таңда жұмыс таппай жүрген жандардың көбейгенін айтады. Ал, елімізде шыққан жаңа бағдарлама айлығы шайлығына жетпей отырған көп жанға мүмкіндік беретінін түсінген.

Гүлжамал Жүнісбекова, қала тұрғыны: «Бүгінгі естіп отырған мүмкіндіктер бізге өте ыңғайлы болып тұр. Өзімнің көшемдегі тұрғындардың көбісінің жұмыссыз екенін білемін. Сол себептен де осы жерге келіп отырмын. Қазір ауламызға барғаннан соң жиналыс жасап, көп адамға жаңа мүмкіндік жайлы айтамын».

Павлодарда 40-қа жуық жұмыс орны мамандарға мұқтаж. Олқылықтың орнын толтыруды мақсат еткендер өңірден дәрігер, мұғалім және ауылшаруашылық қызметкерлерін іздеп жүр. Ал оларды жұмыстан бөлек 126 бос үй күтіп тұр. Жер ауыстырған жандарға жеңілдетілген бағада беріледі екен.

Сейтжан Жұмаш, Павлодар облысы Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары: «Өткен жылы Баянауыл ауданына 36 отбасы келген болатын. Олардың барлығын орнықтырып, үй-жаймен қамтыдық. Арасында ауыл шаруашылық мамандары, дәрігер, мұғалім болып жұмысқа кіргендер бар. Бұл жылы 49 отбасын, 195 адамды көшіруді көздеп отырмыз».

Керекуден келген қонақтардың айтуынша Баянауыл еліміздегі туристік аймақтың үздік 10-дығына енеді. Содан болса керек, туған жерден кеткен жанұяның ешбірі өз райларынан шегінбеген.