«Ақылды» автотұрақтардың артықшылығы көп

268

Ала таяқ ұстап, қала көшелерін торығандарға тосқауыл қойылады. Жол жиегін ақылы автотұрақ етіп, жүргізушілердің қалтасын қағатындар енді болмайды. «Шымкент» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Шымкент парковка» мекемесі ақылды автотұрақтарды іске қосып жатыр. Жаңалығы көп жүйе қалай жүзеге асырылмақ?

Уақытша тұраққа көлік қойғандар бұдан былай қолма – қол ақша төлемейді. Жүргізушілер ұялы телефон арқылы СМС хабарлама жіберсе,болғаны. Ол үшін арнайы тақтайшада төлем жасаудың бірнеше түрі көрсетілген. Бұл жүйе Беларуссия мемлекетінде өзінің тиімділігін көрсетіп, Еуропа елдерінде кеңінен қолданысқа енгізілген. Сала мамандарының айтуынша, сәуірден бастап осы тәсіл толық жұмыс істейді. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы жүйеден ерекшелігі төлем жасау әлдеқайда оңай.

Марат Әбдіраманов: «Шымкент парковка» мекемесінің директоры: “Біз төлем төлеудің бірнеше түрін қарастырдық. Мысалы ауылдан келетінде бар олар үшін карточка арқылы да төлеуге болады. Ең бастысы көліктердің кіріп шығуы ыңғайластырылды. Сызылған сызық 90 градусты құрайды және жүргізушіге ешкім кедергі келтірмейді”.

Көлік қоюға рұқсат етілген автотұрақтарда баға 100 теңге көлемінде болмақ. Әр автотұрақтарда арнайы оператор мамандар кезекшілік етеді. Тоқтаған көліктердің мемлекетік нөмірлері бейнебақылауға алынып, төлем жасағанын электронды жүйе арқылы тексеруге болады.

Осылайша шаһар басшылығы қала көшелеріндегі көлік кептелісін реттеуді көздеп отыр. Бүгінгі таңда қаланың орталық көшелерінде сынақ жүргізіліп жатыр. Жол бойындағы ала таяқ ұстағандардан мезі болған жүргізушілерден қолдау тауыпты.

Мөлдір Райымбек, оператор: “Мен келген көліктерді тек видеоға түсіріп, нөмірін жазып аламын. Кептелісті көбінде екінші қатарға тоқтайтындар жасайды”.

Жүргізушілер болса, «қаланың кез – келген жеріне тоқтасаң, алақан жаятындар толып кеткен. Ал мына жүйе көңілге қонатын секілді” дейді.

Шымкент қаласындағы көшелерді зерделеген мамандар 10 мың көлікке арналған автотұрақ орындарын жасауға болады деп отыр. Тағы бір қуантарлығы жаңа жүйе көлеңкелі бизнестің жолын кесіп, алынған қаражат бюджетке түседі.

Нұрлан Күдерұлы