Дертті балаларға демеу болған…

413

Жарық дүние есігін мүмкіндігі шектеулі болып ашқан балалар аз емес бүгінде. Тағдырынан таяқ жеп, мейірімге мұқтаж болып өсіп келе жатқан жас буынға қамқорлық танытуды өзінің борышы санайтын жомарт жандар баршылық. Бүгін осындай Атымтай жомарт жандардың бірі балаларға арнап қайырымдылық шарасын өткізді.

Ерекше күтімді қажет ететін балалардың басын қосып, наурыз көже таратып, мерекелік көңіл күй сыйлаған жомарт жанның есімі – Гүлжан Килібаева. Тамақтану саласында тер төгіп жүрген кәсіпкер ұлық мерекенің құрметіне орай сал ауруына ұшыраған, аутизм, ақыл есінде ауытқушылығы бар балаларға арнап, дастархан жайды.

Гүлжан Мешітбайқызы, «Повар Шымкент» компаниясының басшысы: «Әйел бақыты деген не десек – ол біздің балаларымыз. Олар – болашағымыз. Бүгінгі шараға келген балалардың көңіл – күйлері көтеріңкі, қуанып жатыр, ата-аналары да қуанулы. Мейірім төгіп, көңіл бөлгенімізге ата -аналар қуанды, әрі балалар екі есе қуанып отыр. Балаларға беретін тағы да сыйлықтарымыз бар».

Шымкент қалалық халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аумақтық орталығының №8 бөлімшесінде 80 қызмет алушы бар. Бүгінгі іс-шараға 30 қызмет алушы ата-аналарымен қатысып отыр. Балаларға қайырымдылық іс-шара ұйымдастырып отырған Гүлжан Мешітбайқызына алғыс айтушылардың қарасы көп болды.

Әшіркүл Кенжебаева, ата-ана: «Балаларымызға қамқорлық жасап жатқандарға алғысымыз шексіз. Мұндай балаларды қарап, күтім жасау оңай емес. Өте қиын. Оны баланы баққан, көрген адам ғана түсінеді. 8 – бөлімшенің қыздарына да алғыс айтамыз».

Ауыр науқасқа ұшыраған балалардың дертті көңіліне демеу болуды жөн көрген жомарт жандар концерттік бағдарлама да ұйымдастырды. Сайқымазақтар балалардың өзін қатыстыра отырып, түрлі ойындар ойнатты. Соңынан тарту таралғыларын таратты. Бүлдіршіндер өздерін қоғамның назарынан ешуақытта тыс қалмайтынын сезінген күн болды. Дерті жанын жүдеткен балаларға демеу болған Гүлжан Мешітбайқызы сынды жомарт жандар көп болғай…

Г.Жұмаш