Тиыннан теңге құрап, тамшылатып тер төгіп, маңдай термен табыс табатын шымкенттік кәсіпкерлерге тағы да бір мүмкіндік туып отыр. Жуық арада үшінші миллионер қаламызда бизнес-супермаркет ашылмақ. Индустриалды аймақта да мол мүмкіндік қарастырылған. Қала әкімінің орынбасары Данат Жумин агро-индустриалды аймақта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы жайлы сала мамандарымен жиын өткізді.
Қалабасының орынбасары Данат Жумин бастаған жиынға Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласының кәсіпкерлері қатысты. Ауыл шаруашылығын саласының тізгінін ұстаған мамандар салаға қатысты мәселелердің түйінін тарқатып, жаңа мүмкіндіктер жәйін таразыға салды. Кәсіпкерлермен агро-бизнесті өркендету үшін аталған салаға құйылып жатқан қаржыны тиімді пайдалану тұсы да тұспалданды.
Асқар Қаныбеков, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы: «Қазіргі таңда агро-индустриалды аймақтың 136 гектар жер учаскесі «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ теңгеріміне рәсімделді. Аталған аймақтың сыртқы инфрақұрылымын электр энергиясы, су, газ, жылу, кәріз желісі бірінші жарты жылдықта мемлекет тарапынан жүргізіледі. Яғни, инвесторларға инфрақұрылымдары жүргізілген дайын жер учаскелері ұсынылады. Қайта өңдеу кәсіпорындарын салуға қажетті шикізат оңтүстік өңірде және көрші Өзбекстанда жеткілікті көлемде өндіріледі».
Бүгінде күнгейде жылыжай шаруашылығы жақсы жолға қойылғаны белгілі. Ал енді осы кәсіппен айналысқысы келетіндерге көптеген көмек көрсетілмек. Сала тізгінгерлері жеңілдетілген несие алу үшін жер, қора қопсы, тіпті салынғалы жатқан жылыжайдың өзін де кепілге қоюға болатындығын айтып қуантып қойды.
Файзулла Байдуллаев, «Агронесие корпорациясы» АҚ-ы Түркістан облысы бойынша басшысының орынбасары: «Қазіргі таңда корпорация тарапынан 2018 жылдан бастап инвестжобалар жүзеге асырылап келе жатыр. 5 бағыт бойынша. Оның ішінде жылыжай, мал бордақылау бойынша өте тиімді шарттармен несие береді».
Қала әкімінің орынбасары Данат Жумин ауыл шаруашылығы өнімдерін молынан өндіру, экспорттық әлеуетті арттыру, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін молайту жағын тілге тиек етті. Өзбекстан былтырғы жылы шетелге 700 мың тонна азық-түлік өнімдерін жөнелткенін айта келіп, бұл тарапта әлеуетіміз мол екенін нықтады.
Данат Жумин, қала әкімінің орынбасары: «Жасалып жатқан жағдайды, беріліп отырған мүмкіндікті пайдаланыңыздар. Жер беріледі, жылыжай ашуға, қайта өңдеу цехтарын, басқа да өндірістік орындарын ашуға мүмкіндік мол. Қолдау бар, біріге жұмыс атқарайық. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге 600 млрд. теңге бөлініп отыр. Соның ішінде 200 млрд. теңгесі агросалаға бағытталған».
Өз кезегінде шаруа қожалықтары субсидия алу жайын, кепілге қоятын мүлік жайы толғандыратынын жеткізді. Дегенмен Данат Жумин кәсіпкерлерге несие немесе субсидия рәсімдеу барысында ешқандай кедергі болмайтындығын айтты. Кәсіпкерлердің тірлігін оңайлататын тағы бір қуанышты жаңалық жария етілді. 25 сәуірде кәсіркерлерге арналған бизнес-супермаркеті ашылмақ.
Г. Жұмаш