Шымкенттегі «Магнум АТАК» сауда орнынан «өрт» шықты

311

Бүгін Шымкенттегі «Магнум АТАК» сауда орнынан «өрт» шықты. Оқиға орнына шұғыл жеткен төтеншеліктер аумақтағы тұрғындарды тілсіз жаудан құтқарып, қауіпсіз жерге көшірді. Сауда орталығында өткен өрт-тактикалық жаттығудың сценарийі осылай өрілді.

Халық көп жиналатын орында қауіпсіздікті пысықтау үшін өткен жаттығуға жұмылдырылған әрбір қызметтің жұмысы жіті ұйымдастырылыпты. Жедел құтқару жасағы, апаттар медицинасы орталығы мен жедел-жәрдем медициналық көмек бригадасы да өздеріне тиесілі міндеттерді атқарып шықты.

Шараға 50 шақты жеке құрам мен 8 негізгі, 3 арнайы бас-аяғы 11 техника жұмылдырылды. Оқу-жаттығу кезінде адамдар қауіпсіз аймаққа шығарылып, екеуі құтқарылды. Ресейдегі жағдайдан кейін жергілікті сауда орындары да бүгінде өртке қарсы қауіпсіздік шараларын пысықтауға көшкен. Оқу жаттығу кезінде аталған сауда орталығы қызметкерлері өрт сөндіру кезіндегі тәжірибелік дағдыларын үйреніп, арнайы құрам білген-түйгендерін арттырды.

Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкентте 46 өрт оқиғасы тіркелген. Оқыс оқиғалардың дені тұрғын үйлерде болған. Жайсыз жағдайлар кезінде 3 адам қайтыс болып, біреуі жарақат алған дейді төтеншеліктер.

Мақпал Рысбаева