Шымкент қалалық сотында Қазақстан Судьялар одағының Шымкент филиалының қолға алуымен қайырымдылық жобасын таныстыру шарасы өтті. Басқосуға қаладағы 4-ші балалар үйінің тәрбиеленушілері қатыстырылды.
Жиында Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рақымбеков «Жетім көрсең жебей жүр» деген қанатты сөзді басшылыққа алып, қаланың судьялары мен сот мамандары тоқсан сайын өздерінің бір күндік жалақысын №4 балалар үйі тәрбиеленушілерінің «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» жеке жинақ шоттарына аударатынын айтты.
Шымкент қаласының соттары бес жылдан бері Шымкент қаласындағы №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлыққа алып, оларға әр мереке сайын сыйлық әперіп, базарлық жасап келеді.
Жиында балалар үйінің тәрбиеленушілері Баян Алимбетова мен Александра Пустовойтова: «Біз үшін, бұл бастаманың маңызы өте зор. Себебі, біз енді болашағымызға сеніммен қарайтын боламыз!» деп, судьяларға алғысын білдірді.
Нұрсұлтан Байтілесов, Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы: «Бұл жерде тағдырдың тауқыметін тартып, өмірдің қиыншылығын көріп, ата-ананың қамқорлығынсыз өсіп келе жатқан балалар тәрбиеленуде. Солай болса да, әрбір бала білім алып, материалдық жағынан қамтамасыз етілуі керек. Өйткені, балалар – мемлекетіміздің болашағы. Бұл қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін оның жеке шотына аударылып, тұрғын үй сатып алу үшін жинақталады».