Оқиға орнына Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары да жедел жетіп, шаңырағы опырылып ортасына түскен тараздық ағайынға қол ұшын созды. Біздің топқа жүктелген міндеттің жүгі де ауыр болыпты.

Оқиға орын алған күні таңғы сағат 07:00-де Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару орталығына хабар түскен. Арада бір сағат уақыт өткенде шымкенттік құтқарушылар жедел жиналып, көрші облыс орталығына аттанды. Жеке құрамда 20 құтқарушы, екі кинолог, барлық керек жарақ тиелген 3 техника аттанды. Қаншама жылдық тәжрибесі бар құтқарушылар бастарын қатерге тіге отырып, қайғыға қамалған жұртқа қол ұшын созды.

Нұралы Әбенов, бас құтқарушы: «Құтқарушылар жанын шүберекке түйіп жұмыс істеді. Өте қауіпті аймақта іздестіру, құтқару жұмыстарын жүргізді. Екінші, үшінші қабаттың бетон плиталары бірінші қабатқа құлап түскен. Бетондардың арасынан адамдарды іздестірдік. Тұрғындардың дүние мүлкін, құжаттарын іздестірдік. Үшінші қабаттағы баспалдақ бір ғана арматураға ілініп тұрды. Қиын болғаны рас».

Шымкенттік құтқарушылар бетон плиталардың астыңда қалып кетуі мүмкін деген қауіппен іздестіру жұмыстарын жүргізген. Құлағалы тұрған баспалдақпен кіріп, шығудың өзі қиынға соққанын жасырмайды. Қауіп қатерге толы қызметтерін Шымкент жедел-құтқару бөлімі басшысының орынбасары баяндап берді.

Рауан Дйсенбеков, Шымкент жедел-құтқару бөлімі басшысының орынбасары: «10:40-та жетіп, құтқару жұмыстарын бастадық. Адамдарды қауіпсіз жерге шығарып үлгерген екен. Жертөледен бастап, жоғары қабаттарға дейін іздестіру жұмыстарын жүргіздік. Төтенше жағдайлар қызметі бірнеше бөлімге бөлініп күні түні жұмыс істедік. Қауіпті аймақ қоршауға алынды. Міндетімізді толық атқарып болған соң ертесіне орталықтан қайтуға рұқсат берді».

Айдың күннің аманында жарылыс салдарынан опырылып түскен үйдегі ахуал тұрғындарды есеңгіретіп кеткені анық. Үйіндіге айналған үйдің бүгінде ұсқыны қашқан. Бес қабатты, алты подъезді үйде 30 пәтер бүлінген… Құтқарушылардың өздерінің неше жылдық тәжірибелерінің молдығының арқасында өз міндеттерін абыроймен атқарып шыққан.