Жетісайда футболдан облыстық турнир өтті

608

Жетісай қаласында спорттың кіші футбол түрінен облыстық турнир болып өтті. «Я.Есенбеков» атындағы жалпы орта мектебінің 1999-жылғы түлектері мен Жетісай аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен байрақты бәсекеге облыстың барлық аудан, қалаларынан және Жетісай ауданының ауылдық округтерінен 38 команда қатысып, бақтарын сынасты.

«Жастар жылы» аясында бұқаралық спортты дамытып, жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, облыстың басқа да аудандарындағы футбол командаларымен тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған теңбіл доп додасы өте тартысты өтті. Олимпиадалық ережеге сәйкес өткен турнирдің «Ә» дегеннен тартысты басталған алғашқы кездесулерінен-ақ футболшылардың жақсы дайындықпен келгендерін, әр команданың жеңіске деген жігерін аңғару қиын болмады.
Бірінші айналымда бір-бірімен кездескен 38 командадан 19 құрама іріктеліп, екінші айналымға 9 команда жолдама алды. Осылайша жеңіліс тапқан командалар жарыс айналымынан шығып, тек мықтылары ғана ақтық ойында кездесті.

Десек те, басқалардан айла-тәсілдерін асырып, жарыс бойына әдемі ойын өрнегін көрсеткен «Ынтымақ» командасы ІІІ орынға табан тіреді.

Ал, І орынға үміткер «Шардара» және «Құрбан ата» құрамаларының арасындағы кездесу өте тартысты өтті. Өздеріне ұнаған командаларға қолдау білдіруге келген жанкүйерлерге бүгінгі ауа-райының қолайсыздығы кедергі келтіре алмады.
Тартысты да қызықты өткен кездесудің қорытындысы бойынша «Шардара» командасының шарболаттай шымыр жігіттері жеңіске жетіп І орынды қанжығасына байласа, ІІ орын Жетісай ауданының «Құрбан ата» құрамасына бұйырды.
Сайыс соңында жеңіске жеткен командалар турнирдің арнайы дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Айта кету керек, байрақты бәсеке барысында әдемі ойын көрсетіп, көрермендердің көзайымына айналған жекелеген ойыншылар да түрлі номинациялар бойынша ұйымдастырушылардың арнайы сыйлықтарына ие болды.