Түркістан облысындағы ауылдардың басым бөлігі бас жоспармен қамтылған. Бүгінде 801 ауылдың 794-інде негізгі құжат бар. Ал қалған елді мекендердің жоспары қашан дайын болады? Алдағы 18 жылда Түркістан қаласы халқының саны айтарлықтай өседі деген болжам бар. Осыған байланысты тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылым және қала аумағын кеңейту мәселелері күн тәртібіне шықты. Осы және өзге де мәселелер облыс әкімдігінде өткен мәжілісте қаралды.
Түркістан облысында 801 ауылдың 794-інің бас жоспары бар. Қалған 7 ауылдың құжаты дайындалып жатыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте сөз болды. Облыстық сәулет және құрылыс басқармасының мәліметінше, 2 жыл бұрын «Түркістан облысының аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді сызбасы» әзірленген. Бүгінде жоба мемлекеттік сараптамада қаралып жатыр.
Басқосуда Түкістан қаласының бас жоспары да талқыға түсті. Дәл қазір қала аумағы 22,3 мың гектар жер. Халық саны 230 мыңнан асады. Жоспар бойынша, алдағы 18 жылда тұрғындардың саны 400 мыңға өседі. Соған сай тұрғын үй қоры көбейіп, әсіресе көпқабатты тұрғын үйлер салынатын аумақ кеңейтіледі. Жиын соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты қызметкерлерге тапсырмалар берді.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, облыс халқының саны 2 миллионнан асады. Олардың 550 мыңға жуығы қалаларда тұрады. Қалғаны ауыл-аймақта өмір сүреді. Соңғы жылдары халық санының азайғаны байқалған. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылдың алғашқы төрт айында халықтың табиғи өсімі дерлік 800 адаға кеміген. Оған қоса облысқа көшіп келушілерден кетушілер саны артқан.
Дилара Иса






