Жолақыны төлемеу қалтаға қымбатқа түседі. Қоғамдық көлікте жол ақысын төлемей жалтарған жолаушыларға бақылау күннен-күнге күшейтіліп отыр. Мамыр айында жүргізілген тексерулер барысында 619 жолаушы анықталып, оларға әкімшілік хаттама толтырылған.
Қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеу, әрбір жолаушының заңмен белгіленген міндеті. Алайда, кейбір тұрғындар бұл мәселеге әлі де салғырттық танытып отыр. Мәселен, қала тұрғының бірі, төлем картасын ұмытып кеткен. Енді бірінің телефон қуаты бітіп қалған. Ал, мамандар бұл сылтау деп отыр.
«Мен күнде карта басып жүретін едім. Мен сумкамды ауыстырып, ішіндегі картамды алмаппын. Ары бері қарадым. Таппадым. Бір жолға кешірім беріңіздерші. Келесі жолы міндетті түрде алып жүрем. Есте болады келесі жолы».
«Қазіргі уақытта бәрі еңбек етіп жүр. Жүретін жолыңды төлеп жүріңдер жастар. Төлеме деген болмайды. Көбінесе жастар ғой. Жастарға айтарым төлеп жүріңдер. Сәттілік болады. Жолдарың ашық болады».
Мамандардың айтуынша, жол ақысын адал төлеу қоғамдық көлік жүйесіндегі тәртіпті нығайтып қана қоймай, қызмет көрсету сапасын арттыруға да оң әсер етеді. Сондықтан әрбір жолаушы белгіленген ережелерді сақтап, қоғамдық көліктегі мәдениетті қалыптастыруға өз үлесін қосуы қажет.
ЗӘУРЕ ЛЕСБЕКОВА, БАҚЫЛАУШЫ: «Жолаушыларда көбінесе қолма қол ақша ұстап тұрады. Олай төлеуге болмайды. Карта, кьюармен төлейміз. Көпшілігінің сылтауы картам блокта. Болмаса, автобус приложениесін тартып алып, төлеуге болады. Қолма қол ақша берген жағдайда айыппұл салынады деп ескертеміз. Көбіне жастар төлемей кетеді. Оларға айыппұл саламыз. Оларға студент болған соң, картамен төлесе жеңілдік бар. 50 теңге. Ал кьюармен төлесе 70 теңге».
Десе де, тұрақты түрде жүргізілетін рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде, жолақысын төлемей жүретіндердің қатары азайып келеді.
АҚЫЛБЕК АХМЕТУАЛИҰЛЫ, «SMART MOBILITY» ЖШС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОР М.У.А: «Жыл басынан бері түскен айыппұл сомасы 58 млн теңгені құрады. Жыл басында ақпан айындағы бір айдағы хаттама саны, 2516 -ға тең болса, кейінгі айларда азайғаны байқалды. Мәселен, мамыр айында 619 хаттама толтырылған болатын».
Қоғамдық көлік қызметіне жауапты мамандар тұрғындарды жол ақысын уақытылы төлеуге шақырады. Сондай-ақ көлік карталарын немесе виртуалды төлем жүйелерін пайдалану жолаушыларға ыңғайлы әрі тиімді екендігін еске салады. Айта кетейік, жыл басынан бері қала бойынша барлығы 6175 билетсіз жолаушы тіркелген. Олардың әрқайсысына Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 8650 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынған.
Нұргүл Жолымбетова






