Қазығұртта күйеуі әйелін пышақтап өлтірді

585
фото qazaquni.kz

Қазығұрт аудандық сотының тергеу судьясы өз әйелі мен ұлын пышақтаған күдіктіні қамауға алу туралы санкция берді. Оған ҚР ҚК нің 24 бабы, 99 баптың 1-ші және 3-ші бөліктері бойынша айып тағылған.

Қанды оқиға Қазығұрт ауылында 13 сәуір күні болған. Алкогольді ішімдікке тойып алған күйеуі балаларымен бірге түскі ас ішіп отырған әйелімен жанжалдасып қалған. Ашуға мінген ер адам асхана пышағын әйелдің бүйірінен тығып алған. Арашалап алмақ болған 1994 жылы туған ұлына да пышақ сұққан. Сыртқа қашып шыққан ұлының соңынан қуып аулада күрекпен ұрады.

Қылмыстық ойын соңына дейін жеткізуге арашаға келген көршілері мұрсат бермейді. Өз отбасына ойран салған ер адам көршілері келген соң оқиға орнынан қашып кеткен.  Көршілері қан жоса болған әйел  мен баласын аудандық ауруханаға жеткізген.

Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлауынша әйел ауруханада жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Күдіктіні полицейлер сол күні құрықтаған. «Аталған жәйт бойынша әйел адамның күйеуі күдікті ретінде танылған. Полицейлер күдіктіні қолға түсірді. Оған ҚР ҚК нің 99 бабы «адам өлтіру» бойынша айып тағылған.   Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»-деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазығұрт аудандық сотының тергеу судьясы күдіктіні күзетпен ұстау бұлтартпау шарасына санкция берген.