16 жастағы жасөспірім бесінші сынып оқушысын соққыға жыққан. Оның бұзақылық әрекеті әлеуметтік желіге тараған. Осы оқиғаға байланысты қалалық полиция департаменті бірден қылмыстық іс қозғады. Тексеру кезінде кадрдағы балалардың көрші тұратын 10-шы және 5-ші сынып оқушылары екені белгілі болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімдер арасында бұған дейін де келіспеушілік болған. Кейінірек жоғары сынып оқушысы қарсыласын көшеде кездестіріп, күш көрсеткен. Тәртіп сақшылары оқиғаға қатысы бар жастар мен олардың ата-аналарын полиция бөліміне жеткізді.
Полиция мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін және жанжалдың мән-жайына қарамастан, оларға міндетті түрде құқықтық баға берілетінін атап өтеді. Кәмелетке толмағанның ата-анасы баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
«Материалдар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданды. Құқық қорғау органдары қандай жағдай болмасын зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін атап өтті. Жанжалдың себептеріне қарамастан, әрбір әрекетке заң аясында тиісті құқықтық баға берілетіні ескертілді».
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
Нұргүл Жолымбетова






