Бітпейтін жөндеу жұмыстары мен қолқаны қабатын жағымсыз иіс. 18-шағын ауданның тұрғындары жеке кәсіпкермен соттасуға дайын. Тұрғын үйдің астындағы медициналық орталық іске қосылғалы бері, кәріз жүйесі кептеліп, үй іргесіне қауіп төнген. «Шыдамымыз таусылды» деген жұрттың талабы қандай? Түсірілім тобы оқиға орнына барып қайтты.
«Иіске шыдау мүмкін емес. Тәулік бойы жұмыс істейді, тіпті түнде де тыныштық жоқ. Шыдамымыз таусылды!».
Тұрғындар мен кәсіпкер арасындағы дау ушығып барады. Бірінші қабаттағы коммерциялық нысан қолайсыздық тудыруда дейді көпшілік. Қазірде тараптардың өзара тіл табысуы қиындап тұр.
Кәсіпкер: «Біз заңды тұлға ретінде жұмыс режимін өзіміз белгілейміз».
Тұрғын: «Яғни, 300-ге жуық тұрғынның пікірі ешқандай рөл атқармайды ма?».
Тұрғындардың сөзіне сенсек, жертөленің су астында қалуына коммерциялық нысанның ортақ жүйеге өз бетінше қосылуы себеп болған. 40 жылдан астам уақыт бойы қолданыста жүрген темір құбырларға пластик желілер жалғанған. Соның салдарынан тозығы жеткен кәріз жүйесіне түскен салмақ артып кеткен көрінеді. Алайда медициналық орталық өкілдері көршілерінің бұл уәжін жоққа шығарып отыр.
ҚАЙЫРХАН ҚОҢЫРБАЕВ, КЛИНИКАНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: «Осыдан екі апта бұрын ғана өз тарапымыздан барлық құбырларды толықтай ауыстырдық. Қазіргі таңда біздің нысан бойынша ешқандай техникалық ақау жоқ».
Фания Осипова №44 үйдің іргетасы қаланғаннан бері осында тұрады. Оның айтуынша, медициналық орталық ашылғанға дейін мұндай келеңсіздіктер болмаған. Ал қазір мамандарды апта сайын шақыртуға мәжбүрміз дейді тұрғын.
ФАНИЯ ОСИПОВА, ТҰРҒЫН: «Тұтас үй болып ақша жинап, өз қаражатымызға тазалаттық. Олар ештеңе істегісі келмейді, біздің үйде отырса да, шатырға да ақша төлемейді. Мына жертөле үшін үнемі жанжал. Шыдамымыз таусылды! Осы жерде тұрған 3-4 жылдың ішінде септикті тазалатқаннан әбден шаршадық. Ал оның әрбір келуі — 50 мың теңге!».
Тұрғындар жертөленің жиі су астында қалуы ғимарат іргетасына зақым келтіруі мүмкін деп қауіптенеді. Үйдің шөгуінен қорыққан жұрт кәсіпкерді жертөлеге шақырып, жағдайды өз көзімен көруді талап етті. Олар осы арқылы нысанның қазіргі жай-күйін бағалауға мүмкіндік бермек.
Дауды ушықтырмай, шешім табу үшін әкімдіктен маман келді. Тараптардың талап-тілегімен танысқан ол, бұл жағдайды жіті бақылауға алатынын жеткізді.
ТАЙЫРБЕК ӘЛІМБЕКҰЛЫ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ ҚОҒАМ ОРТА САПАСЫН ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ: «Қазіргі таңда аталған үйдің тұрғындары мен кәсіпкерлік нысандар бірлесе ақауды анықтап,реттеу жұмыстарын жүргізбекші. Сондай-ақ біз Әл-Фараби ауданы әкімі мамандары тұрғындармен тығыз байланыстымыз. Қандай да мәселе болса шешуге дайынбыз.Қолдан келгенше заң аясында».
Ал тұрғындар болса, кәсіпкерді сотқа беруге ниетті. Себебі, көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан коммерциялық нысандардың жеке кәріз жүйесі болуы шарт. Тағы бір маңызды жайт — мұндай даулы мәселелерді шешу және тұрғындардың құқығын қорғау үшін үйде өзін-өзі басқару органы болуы тиіс
Ботакөз Әнуар






