Қошқар ата өзеніндегі балықтардың қырылуы бойынша қылмыстық іс қозғалды

256
Қошқарата өзенінде балықтар қырылып қалған

Шымкент қалалық экология департаменті Қошқар ата өзенінде балықтардың қырылуына орай түсініктеме берді.

«Қазіргі уақытта ішкі істер органдарымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 328-бабы «Судың ластануы, бітелуі немесе сарқылуы» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Балықтардың өлімі себептерін анықтау үшін департамент зертханасы судың химиялық құрамын анықтау мақсатында үлгілерін алды. Ихтиологиялық зерттеулер үшін Ауыл шаруашылығы және ветеринария департаменттерінің қызметкерлері балықтарды алып кетті. Зертханалық тексерулер жүргізілуде.

Бұдан басқа, экология департаментінің бастамасы бойынша жұмыс тобы құрылды, оның құрамына мемлекеттік органдар: Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Абай және Әл-Фараби аудандарының әкімдіктері, Шымкент қаласының коммуналдық қызметтері, Ауыл шаруашылығы және ветеринария департаменттері, Шымкент Төтенше жағдайлар департаменті және Шымкент полиция бөлімі бар. Нәтижелері туралы қосымша хабарлайтын боламыз» делінген хабарламада.

Қошқар ата өзенінде балықтардың неден өлгені әлі де белгісіз болып тұр.