Úı ANONS Қошқар атадағы қысқы дәстүр: «Морж» болу оңай ма?

Қошқар атадағы қысқы дәстүр: «Морж» болу оңай ма?

Шомылу маусымы аяқталғанымен, Шымкенттің «морждары» өз әдетінен тайған емес. Қошқар ата өзенінде күн сайын таңертең суға түсіп жүргендерді көруге болады. Оларға суық ауа райы мен жаңбырлы күндер кедергі емес көрінеді. 

Салауатты өмір салтын ұстанатын бұл топ Қошқар-атаны – нағыз «денсаулық пен қуаттың қайнары» деп санайды. Тазалығы мен шипалы қасиетімен танылған өзенге олар жыл он екі ай келіп, мұздай суда шомылуды өмір салтына айналдырған.

Шаира Исмаилова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Денсаулығымды жақсарту мақсатында осында келіп жүрмін. Алтыншы жыл қатарынан шомыламын. Бұрын тоңып қалатын едім, енді шынығудың арқасында денем үйреніп кетті. Ең бастысы – салауатты өмір салтына қадам бастым, нәтижесін көріп жүрмін»

Мамандардың айтуынша, мұздай суға тұрақты түрде түсу – иммунитетті күшейтеді, түрлі аурулардың алдын алып, адамды күні бойына сергек ұстайды. Мұндай шынығу тек денсаулыққа ғана емес, көңіл-күйге де оң әсер етеді дейді өзенге шомылушылар. Тіпті, Қошқар атаға келмей қалған күні сағынамыз дейді.

Баян Әбенова, қала тұрғыны:  «Суға түсуді көптен бері ойлап жүргенмін. Қыркүйек айынан бастап суға түсе бастадым. 2 ай болды суға түсуге келіп жатқаныма. Себебі бұл денсаулыққа пайдалы. Жасымыз 60-тас асқан соң керек екен. Күнде келемін. Өте керемет. Келмей қалғанда сағынасың»

Соңғы жылдары Қошқар атада шомылатын жастардың қатары да көбейіп келеді. Александр Водолацкийдің айтуынша, бұл өзен – шынығуға ең ыңғайлы орындардың бірі.

Александр Водолацкий, қала тұрғыны: «Біздің Қошқар-ата өзеніміз жылы, минералды. Кез келген жаста шомылуға болады, бірақ балаларға, әрине, жазда түскен дұрыс»

Шымкенттік «морждар» бұлаққа күн сайын таңғы сағат жетіде келеді. Олардың айтуынша, суық су – сергектік пен жақсы көңіл-күйдің кепілі. Дегенмен дәрігерлер мұндай хобби бастамас бұрын тұрғындар денсаулығына мән беріп, ақ халаттылардан кеңес алған жөн деп санайды.

Әсел Мәлік