Úı ANONS Балық — табыс көзі: Шымкентте халықаралық форум өтті

Балық — табыс көзі: Шымкентте халықаралық форум өтті

Шымкентте балық шаруашылығын жоғары технологиялық индустрияға айналдыру жолдары талқыланды. І халықаралық «AUYL INVEST FEST — 2026» фестиваліне жиналған сарапшылар саланың экспорттық әлеуетін саралады. Сонымен қатар, кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа тетіктерін ұсынылды.

Қаламызда Франция, Дания және көршілес елдерден 1000-нан астам кәсіпкер жиналды. Мұндағы мақсат балық өсіруді жай ғана кәсіп емес, ірі өндіріс көзіне айналдыру. Қазірдің өзінде елімізде 4 гектар аумаққа 1,7 млрд. теңге құйып, мол өнім алып отырғандар бар. Шаруалар бұл бизнестің табысы жоғары екенін айтады.

ЖАНАТ АЛТЫНҒАДАСҰЛЫ, АЛМАТЫЛЫҚ КӘСІПКЕР: «Балық шаруашылығымен айналысатын болсаңыз, үйде де өсіре беруге болады. Көп қаржы кетпейді. Осында 2 айлық шабақтар сататын жігіттер отыр. Солардан сатып алып, өсірсеңіз пайдасы ұшан теңіз. Бір балыққа кететін орташа шығын 300-400 теңге көлемінде, сатылымдағы бағасы 1000-1200 теңге. Жергілікті өнім өзіміздікі болған соң, әр дастарханда балық болсын деп 800 теңгеден сатып жатырмыз. Біздің 2025 жығы табысымыз 300 млн. теңге»

Статистикаға сүйенсек, өткен жылы елімізде балық өнімдерінің нарығы 29 пайызға өскен. Десе де, халықтың тұтыну деңгейі медициналық нормадан екі есе төмен. Сондықтан жергілікті билік кәсіпкерлерді қолдайтырын айтады.

АЙДЫН КӘРІМОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Шымкент қаласы болсын, Түркістан облысы ашық жобаларыңыз болса, біз ашықпыз. Бұл салаын дамытуға дайынбыз».

 

Алайда, табысты бизнестің өз қиындығы бар. Балық өсіру үшін шығынның басым бөлігі тікелей жемге кетеді. Ал елімізде сапалы азық тапшы болғандықтан, шаруалар оны шетелден тасуға мәжбүр. Сондықтан мамандар импортқа тәуелділіктен құтылу үшін кездесу негізінде ұсыныс дайындадық дейді.

СЕРІК ЕГІЗБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «60 пайыз шығын балық асырауда оның азығына кетеді. Ал біздің елде жеткілікті азығын шығаратын зауыт жеткіліксіз. Көрші Өзбекстаннан келген қонағымыз балық шаруашылығында 70 пайыз балық азығын импортпен алып келеміз дейді. Бізде де жағдай сондай. Балық өсіріп отырған шаруаларға да көмек керек. Ол қандай көмек? Субсидия, тиісті мал, балық азығын шығаратын зауыт салу, кадр дайындау керек. Өкіметке біз барған соң ұсынамыз Астанаға»

Жиын қорытындысы бойынша, саланы цифрландыру және гранттар санын 400-ге дейін ұлғайту ұсынылды. Негізгі меже 2030 жылға қарай балық өндірісін 270 мың тоннаға жеткізіп, экспорттық әлеуетті арттыру.

Әсел Мәлік