Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың саны 31-ге жетті. Жылқы еті, қой еті, тіпті балықтың төрт түрі де күнделікті тіршілік үшін маңызды деп танылды. Ал сауда және ирригация министрлігі бекіткен тауарлардың бағасын негізсіз көтеретіндер жазаланады. Оған салынатын айыппұлдың да көлемі артқан.
Қымбатшылық қалтаны қысып, кейбір тәтті тағамдар көзден ұшып, күн санап құны артып бара жатқан азық-түлік бағасына қарап алаңдаған халық үшін жағымды жаңалық! Биыл әлеуметтік маңызы бар тауарлардың түрі көбейді. Сауда және ирригация министрлігі азық-түлік тауарларының санын 19-дан 31-ге көбейтті.
Мысалы, бұрын бұл тізімде тек сиыр еті болса, қазір оған тартылған ет пен жылқы және қой еті енген. Табан, мөңке, көксерке, тұқы, сазан сияқты балық та енді әлеуметтік тауарлар қатарында. Сонымен қатар қызанақ, қияр мен алма да айтулы тауарлар санатына кірген.
Жаңадан қосылған әлеуметтік тауарлардың нақты бағасы қазірше белгісіз. Ал бұрынғы 19 тауардың құны өткен жылда белгіленген бағамен сатылып жатыр. Мысалы, күріштің келісі — 400 теңге. Қанттың келісі 410 теңгеден саудалануда. Бірінші сорт бидай ұнының келісі — 155 теңге. Дәл осы ұннан жасалған нан бағасы — 90 теңге. Сатушылардың сөзінше, әлеуметтік тауарларға сұраныс көп. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың нарықтағы бағадан айырмашылығы бар ма? Тұрғындардан сұрап көрдік.
«Әлеуметтік маңызы бар деп танылған көкөністер, нан мен дәнді-дақылдар арзан. Мысалы, мұнда нанның бағасы – 90 теңге, ал дүкендерде 120 теңге. Қырыққабат та сондай, мұнда келісі 150 теңге, базарда 250 теңге. Әлеуметтік тауарлардың көбейгені өте жақсы. Барлық зат қымбаттап жатқанда, үнемдеуге көмектеседі».
«Байқағаным, бағасы базардан қарағанда арзандау екен. Гречканы базардан 300 теңгеден алған едім. Мұнда 275 теңге екен. Бізге ол өте пайдалы. Маңызды ғой, бірінші кезекте зейнеткерлерге. Базардан сәл де болса арзан болса, осы жерден аламыз».
«Мен үшін бағасы маңызды. Айырмашылығы бар. Мысалы, жұмыртқа бағасы 51 теңге. Ал сыртта 70 теңге».
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар не үшін керек? Мамандардың айтуынша, бұл бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етумен бірге оның негізсіз өсуіне де жол бермейді. Бағаның өспеуін жауапты мекемелер үнемі бақылап отырады.
«Мысалы, мониторинг Қаратау ауданында жүргізілді. Аудан аумағында 253 дүкенге мониторинг жүргізілді. 29 дүкенде баға үстемақысы 15 пайыздан асқаны анықталды. Нәтижесінде 10 дүкен иесіне ескерту беріліп, 13 дүкенге қатысты айыппұл салынды. 6 дүкен бойынша шара қабылдануда»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ
Ресми мәлімет бойынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстеме бағаның мөлшерін 15 пайыздан арттырғандар айыппұлға ілінеді. Оның мөлшері жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлерге, орта және ірі кәсіпкерлерге жеке-дара қаралады.
Мысалы, тауар бағасын 15 пайыздан асырған шағын кәсіпкерлер 22 мың теңге шамасында айыппұл салынады. Ал ірі кәсіпкерлер 650 мың теңгеге жуық айыппұл арқалайды. Егер заңмен белгіленген тәртіп жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері екі есе артады.
Дилара Иса






